«Көзін ойып, тістерін қағып алған»: Алматыда ауладан табылған әйелдің анасы сұмдық жайттың бетін ашты
Алматының шетінде скотчталған күйі сөмкеден денесі табылған әйелдің өлімінің жай-жапсары белгілі болды. Марқұмның анасы белгісіз біреу 39 жастағы қызын азаптап, кейін айуандықпен өлтіргенін айтады, деп хабарлады КТК арнасы.
Марқұмның анасының айтуынша, күдікті айуаннан бетер әбден азаптаған. Қызының көзін ойып, барлық тістерін жұлып алған. Денесінде көптеген гематома болғанЖанна Тұрсынбаева 39 жастағы қызын бір емес, бірнеше адам азаптап өлтірген деп санайды. Ұсталған күдікті өз кінәсін мойындамай отыр. Айыпталушы жантүршігерлік жаңалық ашылған соң екі күннен кейін қамауға алынды.
Марқұмның анасының айтуынша, күдікті қызымен бірге жалдамалы пәтерге барған. Ол жалдамалы пәтерден үш күннен кейін шығып, үйіне сөмке алып келген. Сосын жалға алынған үйден мәйіт салынған сөмкемен шыққан.
"Меніңше, кінәлілердің бәрі ұсталған жоқ. Бұл іске пәтер иесінің де қатысы бар", – дейді марқұмның туысы.
Полиция сот-медициналық сараптама тағайындады. Тергеудің басқа мәліметтері жария етілмейтінін мәлімдеді.
Айта кетейік, оқиға айдың басында болған еді. Күдікті әйелдің денесін киімге орап, скотчпен байлап, сөмкеге салған. Сосын көпқабатты үйдің ауласына лақтырып жіберген. Кейіннен марқұмның есімі Гауһар Бақанова екені белгілі болды. Артында үш баласы және азаматтық некедегі күйеуі қалды.
"Бұл қылмысты бір ғана адам жасады деп ойламаймын. Қызымның бетінде сау-тамтығы қалмаған. Басында мен оны танымай қалдым. Оның көзін ойып, тістерін жұлып алған. Күдікті олардың ішімдік ішіп, демалуға барғанын айтады. Оның сөзінше, менің қызым душқа түсіп, сол жерде құлап қалыпты. Ал күдікті қорқып кетіп, мәйітті лақтыра салыпты. Егер солай болса, неге қызымның денесінде көгерген жерлері бар? Қызымды сөзсіз зорлап, азаптаған. Бұл іске жалға берілетін үй иесінің қатысы бар екенін білемін. Бірақ ол полицей болып жұмыс істейді. Сондықтан істің әділ тергелуін сұраймын", – дейді марқұмның анасы Жанна Тұрсынбаева.
Сіздің реакцияңыз қандай?