Ұлымды өлтірген адамды Бишімбаев сияқты соттасын – Ақтауда қаза тапқан сарбаздың әкесі (ВИДЕО)
Кеше баламның армиядағы жолдастарымен сөйлестім.
Маңғыстау облысындағы Оймаша полигонында адам қолынан қаза тапқан сарбаз Марат Бақұловтың әкесі ұлын өлтірген адамның әділ сотқа тартылуын талап етті, деп хабарлайды Sadаqmedia.kz ақпарат порталы Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап.
«Ұлымның өліміне байланысты сот отырысы Бишімбаевты соттағандай ашық өткенін қалаймын. Кеше баламның армиядағы жолдастарымен сөйлестім. Олар ұлымды атып тастаған уақытта полигондағы палаткада бірге болған, трагедияның куәгерлері. Мен сұраған кезде көздерін тайдырып әкетеді, адамның көзі ешқашан алдамайды. Олар бала ғой, қорқытып тастаған. Бәрі бір әңгімені айтады», - дейді ол.
Марқұм жігіттің әкесі қолында бір сарбаздың ғана басқаша сөйлеген аудиосы барын айтты.
«Бірінші рет көздегенде жай ғана «тық» еткен дауыс шыққан, сосын қайтадан күшпен оқтап, Маратты көздеген, сол сәтте оқтың дауысы шыққан. Ол кезде Марат Дамилмен сөйлесіп тұрған еді», - дейді аудиодағы дауыстың иесі.
Еске салсақ, 7 қыркүйекте Оймаша полигонында гвардия лейтенанты ПМ 9 мм тапаншадан рұқсат етілмеген оқ атып, ол қатардағы жауынгер Марат Ерболұлы Барқұловтың бетіне тиген. Сарбаздың әкесі жалғыз ұлының өліміне қатысты жайттың егжей-тегжейлі тексерілгенін талап етіп, қорғаныс министрінің атына видеоөтініш жолдаған еді.
Сіздің реакцияңыз қандай?