Маңғыстаудағы Бозжыра шатқалында туристік орталық салынатын болды

Жаңаөзенде 21 ақпанда Қазақстанның ең ірі және табиғи көрікті жерлерінің бірі – Бозжыра шатқалында визит-орталық салу мәселесі бойынша алдын ала қоғамдық тыңдаулар өтті, деп хабарлайды Orda.kz.
Жоба авторларының айтуынша, шатқалдың жоғарғы бөлігінде қазақы ою-өрнектермен безендірілген глэмпингтер (табиғат аясында демалуға мүмкіндік беретін қонақ үй тәріздес кемпингтер жиынтығы - ред), мұражай, шолу алаңдары мен шайхана болады.
Туристік орындарға жол салынып, электр энергиясы тартылады. Орталық ғимараттар жер бедеріне байланысты 400-ден 1000 метрге дейінгі биіктікте орналасады. Олар терең іргетас салуды қажет етпейтін жеңіл құрастырмалы құрылғалар тұрғызатын болады.
«Сумен қамтамасыз ету, электр қуатымен қамтамасыз ету және қалдықтарды қайта өңдеу мәселелері қоршаған ортаға зиян келтірмейтіндей етіп шешілді. Сарқынды суларды тазарту, қалдықтарды сұрыптау және күн энергиясымен қамтамасыз ету үшін биотазалау жүйелері қарастырылған», деп мәлімделді қоғамдық тыңдауда.
Сонымен қатар жоба сәтті жүзеге асса, 70 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады.
«Жақын маңдағы елді мекендердің тұрғындарына ауыл шаруашылығы өнімдері мен халықтың қолданбалы өнер бұйымдарын сатуға мүмкіндік беріледі», деп хабарлады Маңғыстау облысының әкімдігі.
Жаңа жобаны Шарын, Көлсай және Аюсайдағы визиттік орталық салған, тәжірибесі бар қазақстандық компания жасаған.
Бозжыра алқабында салынатын туристік нысандардың құрылысы бірнеше жылдан бері айтылып келеді. 2020 жылдың күзінде бұл маңда қонақүй салынады деген ақпарат пайда болды. Кейін «қоғамдағы теріс пікірге» байланысты президент Қасым-Жомарт Тоқаев құрылыс жобасын қайта қарауды тапсырды.
2022 жылы Маңғыстаудағы блогерлер, белсенділер, туристік ұйым өкілдері мен экологтар Бозжыра шатқалының иесіз келешегіне алаңдаушылық білдірді. Сол кездегі Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев «Бозжыра жабайы туристік орынға айналды» деген болатын.
Одан кейін тәуелсіз эколог Кирилл Осин бұл өңірге келген туристердің «жабайылығы» қорқынышты екенін және табиғатты бақылаусыз «қаскөйлер» армансыз аралап, артынан Бозжыраны адам көргісіз ететінін айтып, дабыл қақты.
Бұған дейін Қоршаған ортаны қорғау министрлігі құрылысқа тек қоршаған ортаны қорғау аймағынан тыс жерде ғана рұқсат етілетінін мәлімдеген.
Бозжыра шатқалы Үстірт қыраты аумағында орналасқан. Бұл жергілікті хайуанаттар қорығына енгізілген және Қызыл кітапқа енген жануарлар мен құстардың, соның ішінде Орта Азия барысы мекендейтін орта. Бозжырада палеолит дәуірінен ерте орта ғасырларға дейінгі көптеген археологиялық ескерткіштер бар.
Сіздің реакцияңыз қандай?






