Мемлекет басшысы Пасха мерекесімен құттықтады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі барша христиандарды Пасха мерекесімен құттықтады, -деп жазады Sadaq.kz Ақордаға сілтеме жасап.
"Елімізде тұратын барша христиандарды Пасха мерекесімен құттықтаймын!
Бұл жарқын мейрам жұртты рухани тазарып, жаңаруға үндейді. Діндар адамдарға үміт сыйлап, оларды қуанышқа бөлейді. Биыл Пасханы дүние жүзіндегі православ, католик және протестант қауымы бір күнде атап өтіп жатыр. Мұның символдық мәні зор",-деді ол.
Президенттің сөзінше, басқа діндермен қатар христиан діні де қоғамымызда маңызды рөл атқарады. Ол пасха дәстүрлері отбасылық құндылықтарды сақтауға және халқымыздың ынтымағын арттыруға ықпал ететінін, азаматтарды мейірімділік пен келісімге шақыратынын айтты.
"Жалпыұлттық бірлік, барша этнос пен конфессия өкілдері арасындағы татулық пен өзара түсіністік қашанда Қазақстанның тұрақты өсіп-өркендеуінің мызғымас тұғыры болып қала береді деп сенемін.
Пасха мерекесі әр шаңырақты махаббат пен шаттыққа кенелтсін!
Еліміздің әр азаматына зор денсаулық, бақ-береке және толағай табыс тілеймін",-деді Президент.
Сіздің реакцияңыз қандай?






