«Мен барымды салдым»: Абзал Әжғалиев Миландағы жарыстан кейін мәлімдеме жасады

Ақпан 19, 2026 - 03:34
Ақпан 19, 2026 - 03:35
 0  1
«Мен барымды салдым»: Абзал Әжғалиев Миландағы жарыстан кейін мәлімдеме жасады
Фото: Olympic.kz

Италияда өтіп жатқан 2026 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарында шорт-тректен Қазақстан құрамасының символына айналған Абзал Әжғалиев 500 метрлік қашықтықтағы өнерін қорытындылады. Тәжірибелі спортшы ширек финалда шиеленісті бәсеке көрсетіп, жарыс жолынан шығып қалды, деп хабарлайды Sadaq.kz ақпараттық порталы.

Мәре сызығын кескен бойда Абзал Әжғалиев Olympic.kz сайтына берген сұхбатында сәтсіздіктің себебін және мұздағы тактикалық қателіктерді ашық айтты.

«Мәре сызығын төртінші болып кескенде, бәрі де түсінікті болды. Өйткені келесі кезеңге алғашқы екі орынды иеленгендер немесе үшінші келгендердің ішіндегі ең үздік уақыт көрсеткендер ғана өтетін еді. Біздің топтағы жарыс басқаларға қарағанда баяу болды, сондықтан міндетті түрде алғашқы екі орынның бірін алу керек еді. Голландиялық спортшы өте жоғары қарқын орнатып, басып озуға мүмкіндік қалдырмады», - деді спортшы.

Әжғалиевтің айтуынша, италиялық қарсыласы айласын асырып кеткен. Шорт-тректегі соқыр сезім мен тактика бұл жолы отандасымызға серік болмады.

«Италиялық спортшы менен айтарлықтай жылдам болды. Бір сәтте одан озуға тырысып едім, ол тактикалық айла қолданып, алға шығып кетті. Шорт-тректе артыңда кім келе жатқанын көрмейсің, бәрін сезіну керек. Өкінішке қарай, бұдан әрі өте алмадым. Бүгінгі мақсатым финалға жетіп, медаль үшін таласу еді. Әр Олимпиадаға мен тек жүлде үшін келемін. Бұл жолы оңай болған жоқ», - деп ағынан жарылды Абзал.

Бұл Олимпиада Абзал үшін төртінші белес болды. Фигурист Михаил Шайдоровтың алтын жүлдесінен кейін бүкіл ел шорт-тректен де медаль күткені анық. Спортшы жанкүйерлердің бұл үмітін сезінгенін, бірақ спортта бәрі мүмкін екенін айтты.

«Кемінде, мен барлық іріктеу кезеңінен өтіп, ел намысын лайықты қорғадым деп есептеймін. Мен барымды салдым. Бұл – менің төртінші Олимпиадам. Осы уақытқа дейін әр додада қазақстандықтарды барынша қуантуға тырыстым. Өкінішке қарай, бұл жолы орын алу бұйырмады. Жанкүйерлердің қолдауы ерекше сезілді. Шайдоровтың «алтынынан» кейін көбі шорт-тректен де медаль күтті. Мен қолдан келгеннің бәрін жасадым», - деді ол.

Сөз соңында Абзал Әжғалиев Қазақстандағы шорт-тректің деңгейін көтеру үшін жылдар бойы еңбек еткенін және бұл жолдың зая кетпегеніне сенімді екенін жеткізді.

«Елімізде бұл спорт түрінің дамуына үлес қостым деп санаймын. Көп еңбек еттім, халықаралық турнирлерде жеңіске жеттім және Қазақстанда мықты шорт-трекшілер бар екенін дәлелдедім», - деп түйіндеді спортшы.

Сіздің реакцияңыз қандай?

Ұнады Ұнады 0
Ұнамады Ұнамады 0
Керемет Керемет 0
Күлкілі Күлкілі 0
Сұмдық Сұмдық 0
Қайғылы Қайғылы 0
Жарайсың Жарайсың 0