«Мені соттау - қазақ тілін соттау»: Журналист Мирболат Мырзайтұлына қатысты сот үкімі өзгертілмеді

Қаңтар 28, 2026 - 13:26
Қаңтар 28, 2026 - 14:03
 0  2
«Мені соттау - қазақ тілін соттау»: Журналист Мирболат Мырзайтұлына қатысты сот үкімі өзгертілмеді
Фото: ulysmedia.kz

2026 жылғы 27 қаңтарда Алматы қалалық соты журналист әрі белсенді Мирболат Мырзатайұлының апелляциялық шағымын қарап, бірінші сатыдағы үкімді өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды Sadaq.kz.

Журналист, Qazaqstan және КТК телеарналарында жұмыс істеген, «Журналистік зерттеулер» атты YouTube арнасын жүргізген Мирболат Мырзатайұлы мемлекеттік тілде сөйлеуді талап еткені үшін Қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлігі (ұлтаралық араздықты қоздыру) бойынша кінәлі деп танылып, 4 жылға сотталған.

Жары Гүлшат Бишуинованың айтуынша, бұл бірнеше ай бойы ешқандай заңдық салдарға әкелмеген. Алайда кейін Мирболат Алматы облысындағы қытайларға сатылған жерлер мәселесін көтеріп, мемлекеттік органдарға шағымдана бастаған соң, аталған іс қайта қозғалған.

Мирболат Мырзатайұлының жазған хаты:

Фото: Мирболат Мырзатайұлының Facebook парақшасынан 

Белсенді Абзал Достиярдың жазуынша, Мирболат соңғы сөзінде: «Мені соттау — қазақ тілін соттау» деп айтқан.

Кеше өткен апелляциялық сот отырысына Мирболат Мырзатайұлының өзі қатыстырылмады. Сот залында тек оның жары әрі қоғамдық қорғаушысы Гүлшат Бишуинова мен адвокаттар болды. Қорғаушы тарап тілге қатысты талаптың қылмыс құрамына жатпайтынын, бұл тек қолданыстағы заңды орындауды талап ету екенін алға тартқанымен, сот алқасы бұл уәждерді қабылдамады.

Судья Медеу аудандық сотының 2025 жылғы 13 қарашадағы үкімін заңды деп танып, оны күшінде қалдырды.

Сот ғимаратының алдына жиналған белсенділер мен желтоқсаншылар бұл шешімді «саяси тапсырыс» деп бағалады. Диссидент Хасен Қожахметтің пікірінше, билік өз заңын орындауды талап еткен адамды жауапқа тарту арқылы қоғамға ескерту жасап отыр.

«Мемлекеттік заңды орында дегені үшін адамды соттау — халықты қорқыту әрекеті. Оның ешқандай қылмысы жоқ», — деді ол.

Фото: ulysmedia.kz

Мирболаттың жары бұл шешіммен келіспейтінін айтып, істі соңына дейін жеткізетінін мәлімдеді. Оның сөзінше, алдағы уақытта Жоғарғы сотқа кассациялық шағым түсіріледі. Қазақ тілінің мәртебесі мен жер тағдырына қатысты ұстанымы үшін сотталған белсендінің ісі қоғам назарында қала бермек.

Сіздің реакцияңыз қандай?

Ұнады Ұнады 0
Ұнамады Ұнамады 0
Керемет Керемет 0
Күлкілі Күлкілі 0
Сұмдық Сұмдық 0
Қайғылы Қайғылы 0
Жарайсың Жарайсың 0