«Менің мақсатым – оны қамау емес»: Кәсіпкер Ботагөз Омаровамен болған дау туралы ашық сұхбат берді

Мамыр 21, 2026 - 11:06
app_badging Мамыр 21, 2026 - 11:14
chat_bubble  0 visibility  7
«Менің мақсатым – оны қамау емес»: Кәсіпкер Ботагөз Омаровамен болған дау туралы ашық сұхбат берді
Коллаж: Ulysmedia.kz

“VD Stroy Engineering” компаниясының басшысы Азамат Үсімбеков Ulysmedia.kz-ке берген сұхбатында журналист Ботагөз Омаровамен болған дау туралы баяндап берді, деп хабарлайды sadaq.kz.

Оның айтуынша, Ботагөз Омаровамен әлеуметтік желідегі жарияланымдардан кейін байланыс орнаған.

“Ботагөзбен оның жарияланымдарынан кейін таныстық. Бірінші жарияланым шықты, кейін екіншісі жарияланды. Үшінші видеодан кейін кездесуге шешім қабылдадық. Мен өзім хабарластым. Ол видеоларда сөйлеген адамдармен бетпе-бет кездесу ұйымдастыруды сұрады. Кездесіп, сөйлестік. Адамдар ашық түрде менің жеке тұлға ретінде де, заңды тұлға ретінде де ешкімге қарыз емес екенімді айтты. Олардың арасында өзара дау болған. Бір мердігер екінші мердігерге төлем жасамаған”, – дейді Азамат Үсімбеков.

Сондай-ақ ол “Ремстрой” компаниясының өздеріне тікелей мердігер болмағанын айтты.

“Иә, олар субсубмердігер болды. Олар Capital Engineering компаниясымен серіктестік негізде жұмыс істеген. Араларындағы дау шамамен үш жылға созылған. Бірақ біз ол туралы білмедік. Кейін жарияланымдардан соң бұл мәселені анықтай бастадық. Біз заңгерлерді, инженерлерді, сметашыларды тартып, мәселені шешуге көмектесуге дайын болдық. Егер келісе алмаса, сот арқылы шешсін дедік. Өйткені ең алдымен қарапайым жұмысшылар зардап шекті. Бірақ жарияланымдар арқылы бізден 600 миллион теңге өндіріп алмақ болды. Бұл, жұмсартып айтқанда, бопсалау мен шантажға ұқсайды”, – дейді компания басшысы.

Үсімбеков Ботагөз Омарованың өзіне ешқандай қарызы жоқ екенін білгенін де алға тартты.

“Тіпті Ботагөздің өзі де менің ешкімге қарыз емес екенімді түсінді. Ол маған: “Маған өте ыңғайсыз, кешірім сұраймын. Маған бір күн уақыт беріңіз, видеоны қалай дұрыс өшіруді ойланайын”, – деді”, – дейді ол.

Сонымен қатар кәсіпкер жарияланымдар жалғасқаннан кейін заң аясында әрекет етуге мәжбүр болғанын айтты.

“Мен ренжіген жоқпын. Бұл – өзімді қорғауға деген құқығым. Барлық мәселе заң аясында шешілуі керек деп есептеймін. Алдымен жарияланымдарды өшіріп, жалған ақпарат екенін мойындауды сұрап, сотқа дейінгі талап жібердік. Бірақ ол керісінше тағы да видеолар жариялады. Сондықтан арыз жазуға мәжбүр болдық”, – дейді Азамат Үсімбеков.

Ол журналисті түрмеге отырғызу мақсаты жоғын да жеткізді.

“Менің мақсатым – оны қамау емес. Ең бастысы, ол мұны саналы түрде жасағанын мойындаса деймін. Егер біреу тапсырыс берген болса, оны ашық айтсын. Біреу адастырғанын мойындасын”, – дейді ол.

Сіздің реакцияңыз қандай?

Ұнады Ұнады 0
Ұнамады Ұнамады 0
Керемет Керемет 0
Күлкілі Күлкілі 0
Сұмдық Сұмдық 0
Қайғылы Қайғылы 0
Жарайсың Жарайсың 0