«Мешіттің күмбезі құлады»: Қызылордада жойқын дауыл соқты
28 маусым күні Қызылордада қатты дауыл тұрып, қаланың бір бөлігі жарықсыз қалды, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Екпінді дауылдың салдарынан қаланың бірқатар аумағында электр энергиясы өшіп, бірнеше нысан зақымданды. Күшті жел электр желілерін үзіп, инфрақұрылымға елеулі зиян келтірген.
Қалаға қарасты Тасбөгет кентінде екі қабатты тұрғын үйдің шатыры ұшып, жоғары кернеулі электр бағанасы құлады.
Дауылдың екпіні соншалық, қаладағы мешіттердің бірінің күмбезі орнынан қозғалып, жерге құлаған. Сонымен қатар, Сәулет мөлтек ауданындағы көшелердің бірінде жарықтандыру бағаналары мен шамдары құлап, жол инфрақұрылымына да зиян келген.
Табиғи апаттан кейін коммуналдық және авариялық қызметтердің мамандары жедел түрде қалпына келтіру жұмыстарына кірісті. Арнайы бригадалар түні бойы электр желілерін жөндеп, құлаған ағаштар мен зақымданған құрылымдарды тазарту жұмыстарын жүргізді.
Қала әкімдігі жағдай тұрақты бақылауда екенін мәлімдеді. Қазіргі уақытта электрмен жабдықтауды толық қалпына келтіру және дауыл салдарын жою жұмыстары жалғасып жатыр. Төтенше жағдайлар қызметі тұрғындарды қауіпсіздік талаптарын сақтауға, үзілген электр сымдарына жақындамауға және төтенше жағдай туындаған жағдайда жауапты қызметтерге хабарласуға шақырды.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0