«Нәтиже жоқ»: Трамп Путиннен көңілі қалғанын мойындады

Бейсенбі, 3 шілде күні АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путин телефонмен бір сағатқа жуық сөйлескен.
Кремль таратқан мәліметте Трамп Украинадағы соғыс іс-қимылды мүмкіндігінше тезірек тоқтату мәселесін тағы да көтергені айтылған. Бұған жауабында Путин Ресейдің келіссөз жүргізуге дайын екенін, бірақ Мәскеу "СВО" (арнаулы әскери операция, Ресей билігі Украинаға қарсы соғысын осылай атайды - ред.) алдына қойған мақсаттардан бас тартпайтынын мәлімдеген.
Трамптың айтуынша, бұл мәселе бойынша екеуінің телефон әңгімесінен "ешнәрсе өнбеген". Трамп Украинадағы жағдай "көңіл көншітпейтінін" айтты.
Журналистердің қойған сұрағына берген жауабында Трамп АҚШ Украинаға көп қару бергенін, қазір де жалғастырып жатқанын және көмектесуге тырысатынын айтты. Алайда, Джо Байден әкімшілігі Украинаға қару бере отырып, "елді қару-жарақсыз қалдырды" деп бұрынғы билікті сөккен Трамп "бізде өзімізге де жеткілікті қару барына сенімді болуымыз керек" деп мәлімдеді.
Ресей мен Украина делегацияларының Стамбұлдағы келіссөздерінің үшінші кезеңі нақты қашан өтетіні талқыланбаған, Трамп пен Путиннің жеке кездесу өткізу мүмкіндігі туралы да сөз болмаған.
Келіссөздер барысында Иран, Сирия және Таяу Шығыс аймағындағы жағдай да талқыланған.
Путин Трампты 4 шілдеде атап өтілетін АҚШ-тың Тәуелсіздік күнімен құттықтап, "АҚШ мемлекеттік құрылымының қалыптасуында Ресейдің де белгілі бір рөл атқарғанын" айтқан.
Путин Ресей мен АҚШ арасында екі елдің дәстүрлі құндылықтарын насихаттайтын фильмдер алмасуды ұсынған. Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаковтың айтуынша, Трамп бұл идеяны оң қабылдаған. Ушаков екі президенттің қайсысы телефон әңгімесін бірінші аяқтағанын "нақты айту қиын" екенін, өйткені "соңғы болып аудармашылар тұтқаны қойғанын" айтты.
Бұл – Трамп биыл қаңтарда АҚШ президенті лауазымына кіріскелі бері Путин екеуінің арасындағы алтыншы телефон әңгімесі болды. Бұған дейін екеуі 14 маусымда телефонмен сөйлескен, ол әңгіме де шамамен бір сағатқа созылған. Президенттердің алғашқы екі телефон әңгімесі екі сағаттай уақытқа жалғасқан еді.
Украина президенті Владимир Зеленский бейсенбі күні Данияға сапары барысында жақын арада АҚШ президенті Дональд Трамппен сөйлесетінін хабарлады. Оның сөзінше, негізгі тақырып – АҚШ-тың Украинаға әскери көмегінің, атап айтқанда Patriot әуе шабуылынан қорғаныс жүйелеріне арналған PAC-3 зымырандарының көлемі жайлы болмақ.
Сіздің реакцияңыз қандай?






