«Назарбаевтың данышпандығынан апат болмады деу – қисынсыз» – Саясаттанушы

Егер Назарбаевтың тұсында дәл осындай апат болып, алдын алу шаралары қазіргіден жақсы болса, онда Назарбаевтың жүйесін ақтауға болар еді.

Сәуір 19, 2024 - 17:29
Сәуір 19, 2024 - 17:30
«Назарбаевтың данышпандығынан апат болмады деу – қисынсыз» – Саясаттанушы
Коллаж: Alash.kz

Белгілі саясаттаншы Дос Көшім елдегі табиғи апат туралы өз ойын айтты. Сонымен қатар, Назарбаевтың кезінде мұндай оқыс оқиғалар аз болды дегенге келіспейтінін жеткізді, деп жазады Sadaqmedia.kz.

Саясаттанушының сөзінше, Назарбаев Кеңес үкіметінің жүйесін жалғастырушы. 

"Біріншіден, бұл Назарбаев құрған жүйе емес. Бұл Кеңес үкіметінен келе жатқан әкішілік, әміршілдік жүйе. Назарбаев сол жүйені жалғастырушы. Ал Тоқаев сабақтастықты жалғастырушы, оны өзі де айтқан. Сондықтан жүйені кінәлағанда Назарбаевты қосудың қажеті жоқ. Бұл Кеңес үкіметінен келе жатқан тоталитарлық жүйенің жалғасы ғана.

Апат айтып келмейді. Әңгіме қардың қалың жауғанында емес, апаттың алдын алу, сақтану шараларының болмағанында. Әрине, жүйенің, басшылықтың кінәсі бар. Оған алдын ала дайындалмаған, апаттың алдын алу шараларын жасамаған. Жүйеге көптеген түйткілдердің қатысы бар. Дамыған елдерде болса, мұндай апат болмайтыны анық".

Назарбаевтың тұсында мұндай апат болмаған еді дейтіндерге қандай Дос Көшім келесідей уәж айтты.    

"Апат айтып келмейді дедік қой. Кейде жүз жылда бір келеді. Тоқаев та айтты, сексен жылдан кейін қайталанған апат деп.

Назарбаевтың тұсында мұндай ауыр апат болмаған шығар, мұндай қалың қар жаумаған болар немесе су мұндай жойқын деңгейде тасымаған болар. Оған Назарбаевтың еш қатысы жоқ. Оның ақылының артықтығынан, данышпандығынан, айласының көптігінен апат болмады деу қисынсыз.

Егер Назарбаевтың тұсында дәл осындай апат болып, алдын алу шаралары қазіргіден жақсы болса, онда Назарбаевтың жүйесін ақтауға болар еді. Яғни Назарбаевтың кезінде осындай апат болған, оны олар біліктілігінің арқасында көтере білді деп айтар едік. Ондай болмаған соң, ешнәрсе айта алмаймыз. Назарбаевтың тұсында мұндай апаттың болмауы оның артықшылығы емес, табиғаттың тосын мінезі".

 Дереккөз: alash.kz

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow