НКВД-ның арнайы лагерінде дүниеге келген Атыраулық Алашорда офицерінің қызы 80-ге толады

Тамыз 3, 2026 - 14:22
app_badging Тамыз 3, 2026 - 14:26
chat_bubble  0 visibility  9
НКВД-ның арнайы лагерінде дүниеге келген Атыраулық Алашорда офицерінің қызы 80-ге толады

Биылғы тамыздың 23-де Қазақстанның қоғамдық өміріндегі  саяси маңызды оқиға Құрылтай сайлауымен қатар тағы бір, атап айтқанда Алаш тарихына қатысы елді елең еткізер оқиға болғалы тұр. Ол НКВД-ның арнайы лагерінде дүниеге келген Атыраулық Алашорда офицерінің қызы саяси қуғын-сүргін құрбандығы мен «халық жауы баласы» болу зардабын бастан кешкен -  Дана Рахметоллақызы Қаржаубаева (Конаракова куйеуінің тегі) 80-ге толғалы отыр.

Дана Рахметоллақызының әкесіРахметолла Қаржаубаев ХХ ғасыр басындағы оқыған және сол кезеңдегі қазақ халқының болашақ қоғамдық өмірі, ел тұтастығы мен бостандығы, жер, су, халықты сауаттандыру ісінде тер төкен қазақ азаматтарының бірі. Атап айтқанда, 1916 жылғы Атырау өңіріндегі көтерілісті ұйымдастырушылардың бірі болуымен қатар, Ақпан төңкерісінен соңғы Жанша мен Халел Досмұхамедовтер және т.б. басқа да қазақ зиялыларымен қатар – Жайық қазақтарының съездерінде белсенді болып ел тұтастығы мен болашақ даму мәселелерінде маңызды қызметтер атқарған;

- Ал 1918 жылдан бастап Алашорданың батыс бөлімшесінде түрлі дәрежедегі әскери лауазымдарда, оның ішінде қазына, қаржы, солдат жинау және Батыс Алашорданың кеңсе істеріне жауапты қызметтерді атқарып, Алашорданың Батыс бөлімшесінің төрағасы Жанша Досмұхамедовтің сенімді серіктерінің бірі болған. Р. Қаржаубаевтың сол кезеңдегі атқарған қызметінің әдеби бейнесі Х. Есенжановтың «Ақжайық» триологиясында және Ә. Сарайдың «Еділ-Жайық» романдарында көрініс тапқан.

-  Алашорда үкіметі таратылғаннан соңғы қызметі 1920 жылдың 8 мамырынан 1933 жылдың 20 наурызына тұтқындалғанға дейін Қаз АКСР (Қаз АССР) Ағарту халық комиссариатында түрлі лауазымды қызметтерде, оның ішінде халқымыздың аяулы перзенті Ахмет Байтұрсыновтың қол астында жұмыстас болып, Қазақ халқын сауаттандыру ісінде өлшеусіз еңбек сіңірген. Одан кейінгі өмірі 1933 жылы тұтқындалып, «халық жауы» ретінде 10 жылға сотталғып, Коми жеріндегі, Ухта қаласындағы лагерьде мерзімін өтеген.

Ал Дана Рахметоллақызының анасына келетін болсақ – Лидия Петровна Шнер –КСРО Жоғарғы Кеңесінің 1941 жылғы 28 тамыздағы «Еділ бойында тұратын немістерді күшпен қоныстандыру туралы» әйгілі Жарлығына сәйкес депортацияға ұшыраған неміс қызы. Осы Жарлық шыққанға дейін Сталинград облысының Эрленбах ауданына қарасты Унтердорф деревнясында тұрған Шнерлер отбасында жеті бала болған және депортациялау нәтижесінде сол кездегі КСРО аумағының әр өңіріне тарыдай шашырап, туысқандар бір бірімен арада 30- 40 жыл өткенде ғана барып табысқан.

Әкесі, Рахметолла Қаржаубайұлы Коми жерінде айдауда жүргенде, осы неміс қызы Лидия Петровнамен тағдыр айдап, отбасын құрып, Дана апамыз НКВД-нің арнайы лагерінде 1946 жылдың 23 тамызында дүниеге келген. 

Дана апамыздың өзінің күйеуіде репрессия зардабын шегуші, ұлты - Алтайлық, конфискацияға ұшырған отбасынан шыққан. Бір сөзбен айтқанда Дана Рахметоллақызы - «тозақтың азабынан шыққан», тағдырдың небір сыйын бір кісідей тартқан жан.

Апамыз бұл күнде отбасылық жағдайына орай Ресейдегі, Краснодар өлкесінде тұрады, әкесін құрметпен еске алып, артынан дұғасын оқып отырады. 


Жергілікті өлкетанушы Көптілеу Тажигалиевтің біраз жылғы іздестіру жұмыстары негізінде Р. Қаржаубаевтың қызметі бойынша деректер жиналып, 2025 жылдың 20 және 27 ақпанында облыстық «Атырау» газетіне және  2026 жылғы 6 ақпанда «Егемен Қазақстан» газетттеріне арнайы мақалалар жарияланды және осы кісінің бастамасының негізінде Дана Рахметоллақызы әкесінің туған жеріне шақыртылып, 2026 жылдың ақпан-наурыз айларында Атырауда және Астанада арнайы ғалымдардың бас қосуымен ғылыми кездесулер болып өтті. Сонымен бірге, Дана Рахметоллақызына арада 108 жыл салып барып әкесі қызмет еткен Жымпитыдағы Батыс Алашаорда кеңсесінде болудың да сәті түсті.

Барша Қазақстандықтар атынан Қазақ халқының тәуелсіздігі мен болашағы үшін тер төккен Алаш зиялыларының тұяғы, азаптауды көзі көрген көзі тірі соңғы ұрпақтарының бірі ретінде - Дана Рахметоллақызын келіп жеткен 80 жасымен құттықтап, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз. 

 

Р.С. Биылғы мамыр айының 14-де Атыраулық азаматтар К. Тажигалиевтің, С. Миражтардың бастамасы негізінде және «Бәйтерек» қоғамдық қорының Президенті Т. Әбішевтің қаржылық қолдаулары арқасында жерлестері атынан Р. Қаржаубаевтың Жамбыл облысы, Жуалы ауданындағы жерленген орнына ескерткіш құлпытас орнатылды.

Көптілеу ТӘЖІҒАЛИЕВ

Сіздің реакцияңыз қандай?

Ұнады Ұнады 0
Ұнамады Ұнамады 0
Керемет Керемет 0
Күлкілі Күлкілі 0
Сұмдық Сұмдық 0
Қайғылы Қайғылы 0
Жарайсың Жарайсың 0