Павлодарда тісін емдеткен 3 жасар қыз жансақтау бөліміне түсті
Соңғы қабылдауда оған екпе де, жансыздандыратын дәрі де қолданылмаған.
Павлодарда жекеменшік стоматологияда тісін емдеткен 3 жастағы қыз комаға түсті, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Оқиға 21 қазанда болған. Кішкентай пациенттің жағдайы стоматологиялық процедурадан кейін күрт нашарлаған. Жақындарының айтуынша, баланың жүрегі жедел жәрдем көлігінде және ауруханада екі рет тоқтап қалған. Бүлдіршіннің қазіргі жағдайы өте ауыр. Ол бір аптадан бері жансақтау бөлімінде жатыр.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ермек Күшіковтің мәліметінше, бұл клиникаға қыз үшінші рет барған. Соңғы қабылдауда оған екпе де, жансыздандыратын дәрі де қолданылмаған.
Қазір бүлдіршін өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Дәрігерлер Астана мен Алматы мамандарымен бірлесіп, оның өмірін сақтап қалуға күш салып жатыр.
Оқиғаға байланысты стоматологиялық клиникада жоспардан тыс тексеру басталды. Полиция бейнебақылау жазбаларын тәркілеген. Баланың ата-анасы құқық қорғау органдары мен бақылау комитетіне арыз түсірді. Оқиғаның нақты себебі тексеру қорытындысынан кейін белгілі болады.