«Өлім жазасы күтіп тұр»: СІМ Индонезияда Қазақстан азаматтарының есірткімен ұсталғанын растады

Индонезияда Қазақстан азаматтарының есірткімен ұсталғаны ресми түрде расталды, деп хабарлады sadaq.kz ақпарат порталы.
ҚР Сыртқы істер министрлігі агенттік тілшісіне берген пікірінде екі отандасымызға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын айтты.
«Индонезия құқық қорғау органдарының мәліметінше, ел аумағында Қазақстанның екі азаматы ұсталды. Олар есірткі заттарын заңсыз айналымға енгізуге байланысты қылмыстық құқықбұзушылық жасады деген күдікке ілінді.
Қазіргі уақытта Индонезияның құзыретті органдары аталған азаматтарға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр. Осыған байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.
Жакартадағы Қазақстан Елшілігі тергеу органдарымен және күдіктілердің туыстарымен байланыста. Бұл мәселе қазақстандық дипломаттардың жіті бақылауында», - делінген СІМ түсініктемесінде.
Associated Press мәліметінше Индонезия билігі соңғы екі айда жүргізілген ауқымды операция нәтижесінде 285 адамды есірткі саудасына қатысы бар деген күдікпен ұстағанын хабарлады. Олардың ішінде 29 әйел мен 7 шетелдік азамат бар.
Агенттік төрағасының орынбасары Буди Вибовоның айтуынша, операция барысында 683 келіден астам метамфетамин, марихуана, экстази, гашиш және амфетамин тәркіленген. Оның сөзінше, бұл көлемдегі есірткіні айналымнан алып тастау 1,3 миллионнан астам адамды уланудан сақтап қалуға мүмкіндік берген.
Ұсталған шетелдіктердің қатарында екі Қазақстан азаматы бар екені белгілі болды.
Сонымен қатар, тізімде АҚШ, Малайзия, Үндістан және Австралия азаматтары да бар.
Индонезияда есірткі қылмысы үшін өлім жазасы қарастырылған.
Бірақ соған қарамастан Индонезия Оңтүстік-Шығыс Азиядағы есірткі дәлізі болып отыр.
Сіздің реакцияңыз қандай?






