Президенттің сынынан кейін Алакөлде тәртіп күшейтілді

Абай облысында жазғы туристік маусымның басталуына орай Алакөл жағалауында полиция қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеуде, деп хабарлайды sadaq.kz.
Негізгі мақсат – қоғамдық тәртіпті сақтау, санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және демалушыларға жайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау.
Полиция қызметкерлері санитариялық-эпидемиологиялық қызметпен бірлесіп жағалау аумағында тұрақты рейдтер ұйымдастырып келеді. Рейд барысында санитарлық нормаларды бұзу, рұқсатсыз сауда жасау, тазалық пен тыныштықты бұзатын құқыққа қарсы әрекеттер анықталуда.
Маусым айынан бері 300-ге жуық әкімшілік құқықбұзушылық тіркелген. Оның ішінде ең көп кездесетіні – қоғамдық орындарды ластау (141 жағдай).
Сонымен қатар, мал жаюға тыйым салынған аумақтарда – 74 жағдай, абаттандыру қағидаларын бұзу – 15, рұқсат етілмеген сауда – 22 факті анықталды. Жол қозғалысы бөлігінде де бірқатар заңбұзушылықтар тіркелген: мас күйде көлік жүргізудің 13, құжатсыз көлік басқарудың 7 және жаяу жүргіншілер тарапынан 8 дерек.
Құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында демалушылармен профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Тәртіп сақшылары азаматтарға санитарлық талаптарды сақтау, қоршаған ортаға ұқыпты қарау және қоғамдық орындарда мәдениеттілік таныту қажеттігін еске салады.
Абай облысының Полиция департаменті барлық тұрғындар мен қонақтарды Алакөлдің бірегей табиғатын сақтау үшін тәртіп пен тазалықты бірге сақтауға шақырады.
Сіздің реакцияңыз қандай?






