Путин Әзербайжан әуе компаниясының ұшағын ресейлік әуе қорғаныс жүйесі атқанын мойындады

Ресей президенті Владимир Путин былтыр желтоқсанда Ақтауда құлаған Әзербайжан әуе компаниясының жолаушылар ұшағы апатына Мәскеу жауапты екенін мойындады,-деп жазады Sadaq.kz.
Ол Ресей өтемақы төлейтінін айтты. 9 қазанда Душанбеде екі елдің басшылары кездесті. Путиннің айтуынша, AZAL ұшағының апатына сол кезде әуеде болған украиналық ұшқышсыз ұшу аппараттары (дрон) себеп болған.
"AZAL ұшағы апатқа ұшыраған күні Ресей әуе кеңістігін үш украиналық дрон бұзып өткен. Біздің әуе қорғаныс жүйеміз оларды бақылауда ұстады", - деді Путин.
Сонымен қатар Ресей президенті ресейлік әуе қорғаныс күштері ұшаққа тікелей соққы бермегенін мәлімдеді.
"Ресейлік әуе қорғанысы жүйесінен ұшырылған екі зымыран ұшақты тура соқпаған, олар бірнеше метр қашықтықта жарылған. AZAL ұшағы жарықшақтардан зақымданған", - деді Путин.
Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Embraer ERJ 190-100 жолаушы ұшағы былтыр 25 желтоқсанда Қазақстанның Ақтау қаласы маңына құлады. Апат салдарынан қаза тапқан 38 адамның алтауы – Қазақстанның, 25 адам – Әзербайжанның, жетеуі - Ресей азаматтары.
30 желтоқсанда Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы (IATA) бұл оқиғаны мұқият және әділ тергеуге шақырды. Кейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әзірбайжан билігі құтқару операциясына қатысқан азаматтарды ерлік пен кәсібилігі үшін наградтады.
Сіздің реакцияңыз қандай?






