Қазақстанда жаңа мегаполис салынады – Президент

Мамыр 23, 2024 - 17:56
Мамыр 23, 2024 - 18:00
Қазақстанда жаңа мегаполис салынады – Президент
Фото: ашық дереккөз

Қазақстанда жаңа интеграцияланған мегаполис салынады. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Сингапур бизнес форумының жабылу рәсімінде айтты, деп хабарлады Halyq Uni.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Сингапур географиялық жағынан алшақ орналасқанына қарамастан, саяси және экономикалық тұрғыда сенімді серіктес елдер екеніне әрі солай болып қала беретініне назар аударды.

Біз Оңтүстік-Шығыс Азиядағы жетекші серіктесіміз – Сингапурмен берік қатынастарды жоғары бағалаймыз. Былтыр екіжақты сауда көлемі 1,8 миллиард доллар болды. Сингапурдың Қазақстанға құйған инвестициясы 1,7 миллиард доллардан асты. Таяу жылдары бұл көрсеткіш еселене түседі деп санаймыз. Осы орайда екіжақты серіктестікті дамыту үшін берік құқықтық негіздің болуы аса маңызды. Біз Инвестицияны көтермелеу және өзара қорғау туралы үкіметаралық келісімді ратификацияладық. Бұл құжат инвестициялардың жоғары деңгейде қорғалуын қамтамасыз етеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тағы оқыңыз: Qazaq Air әуе компаниясы сатылып кетті

Мемлекет басшысы ынтымақтастықтың бірқатар перспективті бағытын айқындап берді. Президент қаланы дамыту секторын бірінші бағыт ретінде атады. Сондай-ақ Қазақстанда мүлде жаңа әрі интеграцияланған мегаполис салу бастамасын өте маңызды жоба деп санайды.

Бұл жоба болашақта «Орталық Азиядағы Сингапурға» әрі халықаралық жетекші бизнес-хабқа айналуды көздейді. Осы мақсатқа бөлінген мың шаршы километрге жуық аумақ Арнайы экономикалық аймақ режимінде дамиды. Сингапурлық Surbana Jurong компаниясы аталған жобаның кешенді жоспарын әзірлегенін ерекше атап өткім келеді. Форум аяқталған соң, барлық мүдделі тараппен осы мәселені талқыламақпын. Сингапур бизнесі келешегі зор бұл бастамаға белсенді атсалысады деп үміттенемін, – деді мемлекет басшысы.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow