Рыбакина WTA қорытынды турнирін ұтқан алғашқы азиялық теннисші атанды
Ел тарихында алғаш рет қазақстандық теннисші маусымның финалдық турнирінің чемпионы атанды
Қазақстанның бірінші, әлемнің 6-ракеткасы Елена Рыбакина бүгін Эр-Рияд қаласында (Сауд Арабиясы) WTA қорытынды турнирінде үздік шықты, деп хабарлайды Мadeniportal.kz.
Қазақстандық теннисші финалда әлемнің 1-ракеткасы, «Үлкен дулыға» турнирінің төрт дүркін жеңімпазы, Беларусь өкілі Арина Соболенкомен чемпиондық атақты сарапқа салды.
Бірінші партияда есеп 3:2 болған мезетте Рыбакина брейк жасап, сол басымдылығын сақтап қалды – 6:3.
Тартысты өрбіген екінші сетте тай-брейкте Рыбакина бет қаратпады – 7:6 (7:0).
Дода барысында барлық кездесуінде жеңіске жеткен Елена 1 500 рейтингілік ұпайға қоса 5,235 млн доллар (2,747 млрд теңге) табыс тапты. Оған қоса дүйсенбіде жаңартылатын WTA рейтингісінде 5-орынға көтеріледі.
Сонымен қатар Рыбакина 2016 жылдан бері эйс санын 500-ден асырған бірінші теннисші болды. 2016 жылы мұндай нәтижеге чехиялық Каролина Плишкова қол жеткізген еді.
Бұдан бөлек, Елена биылғы маусымда ТОП-10-ға кіретін 7 теннисшіні қапы қалдырып, бұл жөнінен үздік шықты. Рыбакина спорттық жолында Уимблдондағы жеңісін қосқанда, WTA додаларында 11 титул жеңіп алды. Мұндай межеге Қазақстаннан ешкім жеткен емес.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев теннисші Елена Рыбакинаны жеңісімен құттықтады.
Сіздің реакцияңыз қандай?