Рим қаласында Абай Құнанбайұлының мүсіні орнатылады
Италия президенті Астанаға келді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Италия Президенті Серджо Маттарелла бірлескен мәлімдеме жасады. Олар цифрлық технологияны экономикаға жаппай енгізудің маңызына тоқталып, жасанды интеллекті мен үлкен дерекқорларды пайдалануға қатысты тәжірибе алмасу туралы пікірлесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мен бұл салаларда бірлесе жұмыс істеуге дайын екенімізді жеткіздім. Ертең Президент Маттарелла аймақтағы ең ірі IT стартап паркі – Astana Hub-қа баратын болды. Еліміздің осы бағыттағы жетістіктерімен танысады. Бұған қоса, қаржы және туризм саласындағы тың жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыруға уағдаластық. Жалпы, Қазақстан өз нарығында жұмыс істеуге ниетті Италия компаниялары үшін қолайлы жағдай жасауға дайын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Келіссөз барысында мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайту ісіне мән берілген. Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін елорда көшелерінің біріне Италияның ұлы саяхатшысы Марко Полоның аты берілетінін мәлімдеді.
«Келесі жылы Италияда «Көшпенділер алтыны» көрмесі өткізілмек. Сондай-ақ Неапольдегі көне Сан Карло театрында «Абай» операсын қою жоспарланған. Биыл Рим қаласында қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының мүсіні орнатылады. Осы сәтті пайдалана отырып, игі бастамаға қолдау білдіргені үшін Италия халқына шынайы ризашылығымды жеткізгім келеді. Біз мұны қазақтың мәдени мұрасына көрсетілген құрмет пен шынайы достық пейілдің көрінісі деп қабылдаймыз. Осындай тағылымды іс-шаралар халықтарымызды жақындата түсетіні сөзсіз», – деді президент.
Сіздің реакцияңыз қандай?






