«Сабақ кезінде буындырып өлтірді»: Қазығұртта 6-сынып оқушысы көз жұмды

Қазығұрт ауданы Жұмысшы ауылындағы А.Оразбаева атындағы мектепте ақпанда болған қайғылы оқиға көпшілік талқысына түсті. 6-сынып оқушысы Ұлағат Сейдулла сабақ кезінде буындыру салдарынан көз жұмған, – деп хабарлайды Sadaq.kz сайты kz.otyrar.kz сайтындағы материалға сілтеме жасап.
Анасы Гүлмира Көшееваның сөзінше, ойын баласы сыныптасының телефонын тартып алып қашқанда, артынан келіп буындырған. Ұлағат оқиға орнында тіл тартпай қайтыс болған. Оқиғаға қатысты мектептің екі қызметкері өз еркімен жұмыстан кеткен. Ал төрт мұғалім жұмыстан шығарылған.
«Қапыда баламнан айырылып қалдым. Ал жаза ретінде жұмыстан шығарылғандар ай өтпей мектепке қайта келейін деп жатыр» дейді ашынған ана. Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Жұмысшы ауылында 6-сынып оқушысы Ұлағат Сейдулла 7 ақпан күні әдеттегідей сабағына кетіп, үйіне табытпен оралды. Алғашында оқушының неден, қалай қайтыс болғанын жалғызбасты анасына да айтылмаған. Мұғалімдер «қоңырау уақытында құлап қалды» дегеннен арыға бармаған.
Гүлмира Көшеева, марқұм баланың анасы: «Сап-сау балам мектепке кетеді, артына қарап-қарап қойып. Сосын үш сабақтан кейін маған телефон соқты: «Балаңыздың мазасы болмай жатыр, жүгіріп келіп көріп кетесіз бе?» деп. Барсам балам партаның үстінде, үстінің бәрі малмандай су. Аяқкиімін шешіп тастаған. Бала деген былқ-сылқ жатыр. Қоңырау кезінде құлап қалыпты, кірсек өстіп жатыр дейді. Бұған біреу тиіспесе, сап-сау бала қалай бұлай жатып қалады деп түсінбестен дәрігерге шауып кеттік. Дәрігерге барсақ кетіп қалды дейді. Қалай кетіп қалады, аман алып қалыңдар деп ойбайлап жатырмын ғой».
Гүлмира Көшеева – жалғызбасты ана. 9 жыл бұрын күйеуі кенеттен қайтыс болып, бес баламен жалғыз қалған. Ұлағат оның сүткенжесі еді. Қолқанаты болатын. Үй тірлігіне көмектесіп, анасының жанынан қалмай, көңіліне қарайтын. Оқу үздігі еді. 12 жасына дейін бір рет болса да ауырып, дәрігердің көмегіне жүгінбеген едік дейді анасы. Өзі абайсызда құлап, қайтыс болды дегенімен, кейіннен ауыл ішінде сыныптасы буындырған деген сөз тараған. Гүлмира Көшеева, марқұм баланың анасы: «Сене қоймадым енді. Шымшықтай балалар қылғындырып, ондай нәрсе істемейтін шығар деп. Қойшы, ондай қылғындырмайтын шығар деп дым сенбей. Қасындағы бала телефон алып барған, менің балам алып қашқан. Артынан қуалап келген де, партада отырған кезде буындырған ғой. Ұзақ буындырып ұстап тұрған. Кейін бала жерге құлағанда ешкім келмеген ғой. Мұғалім сабақта болмаған, оқушылар су шашып білгендерін істей берген ғой есікті жауып алып. Бірінші медбикені шақырған. Кейін тарих пәні мұғалімі мен директордың орынбасарын шақырған. Ол да кешігіп келген ғой. Келгенде бала қайтыс болып кеткен».
Мына партаны алға шығарып қойған, осы жерде тұр. Менің баламды сорайтып жатқызып қойған. Үсті деген малмандай су». Айдың күннің амандығында мектеп қабырғасында тай-құлындай шауып жүрген баласынан айырылып, қара жамылған ана мектеп мұғалімдері балаларға дұрыс қарағанда мұндай қайғылы жағдай болмайтын еді деп өкінеді. Тіпті «мұғалімдер басынып, баланың өлімін өзімнен де көрді» дейді ол ашынып.
Гүлмира Көшеева, марқұм баланың анасы: «Мұғалімдер мені басынып, айтпаған сөзі қалмады. Баланың жүрегі ауру, анау-мынау, айтпаған сөзі қалмады. Эпилепсия деп те айтты. Өзі бұрыннан құлап қалатыны бар екен, талып қалатыны бар екен деп те айтты. Е, ондай жағдай өмірде болған емес деп ешкімнің алдында ақтала алмай қалдық қой. Кейін медэкспертиза … бір айдан асып шықты ғой. Баланың дені сау, тап-таза еш жерінде ешқандай ауруы жоқ деп шықты. Тек өлімнің себебі буындырған. Қатты ұстап тұрғанда тілін жұтып қойған. Менің талабым баланың өліміне себепші болғандар жазасын алсын». Қара жамылған ана әлі күнге мектеп мұғалімдері кінәсін мойындап, кешірім сұрамағанына қынжылады. Оқиғаға байланысты тергеу жүріп, жаза ретінде 4 мұғалім жұмыстан шығарылған. Мектеп директоры мен бір мұғалім өз еркімен жұмыстан кеткен. Десе де шығарылғанына бір ай толмай 2 мұғалім, атап айтқанда сынып жетекшісі мен директордың орынбасары кәсіподаққа заңсыз жұмыстан қуылғаны жөнінде арызданып, жұмысқа қайта орналасуға келген. Мұны мектеп әкімшілігі жоққа шығармады. Ал марқұмның анасы бұған түбегейлі қарсы.
Өмірсерік Кенжеев, А.Оразбаева атындағы мектеп директорының міндетін уақытша атқарушы: «Тергеудің қорытындысы бойынша біраз мұғалімдер жұмыстан шеттетілді. Еңбек инспекциясының кешегі келген тексеруі бойынша жаңағы бұрынғы директор бұйрықты дұрыс шығармағанынан қайта қабылдауға нұсқама беріп кеткен. Оны білім бөліміне заңдылығын анықтап білу үшін бердік».
Ұлағатты буындырып өлтірді деген сыныптасының ата-анасына айыппұл салынған. Ал бала 12 жасқа толмауына байланысты қылмыстық жауаптан босатылып, іс қысқарған.
Тергеу орындары қозғалып, кейіннен жабылған іс құжаттарын таратуға не жариялауға тыйым салып, оған бағынбаған жағдайда қылмыстық жауапқа тартылатынын ескерткен. Гүлмира Көшеева бар талабы баласының өліміне кінәлілер жазасыз қалмаса дейді.
Сіздің реакцияңыз қандай?






