Семейде әйелін бейсбол битасымен ұрып өлтірген ер адамға сот үкімі шықты

Тамыз 7, 2026 - 11:03
app_badging Тамыз 7, 2026 - 11:16
chat_bubble  0 visibility  8
Семейде әйелін бейсбол битасымен ұрып өлтірген ер адамға сот үкімі шықты
Фото: Видеодан скрин

Семейде жұбайын бейсбол битасымен ұрып өлтірген ер адамға қатысты сот үкімі шықты. Сот оны адам өлтіргені үшін кінәлі деп танып, 12 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Sadaq.kz.

Абай облыстық сотының мәліметінше, сот отырысы барысында тараптардың уәждері тыңдалып, іс бойынша жүргізілген сараптамалардың қорытындылары қаралған. Нәтижесінде Б. есімді азамат ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды.

Сонымен қатар сот жәбірленуші тараптың пайдасына 10 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы өндіру туралы шешім қабылдаған.

«Сот үкімімен Б. ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 12 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар, Семей қаласының қорғаншылық және қамқоршылық органына сотталғанның кәмелетке толмаған екі баласына қатысты қорғаншылық пен қамқоршылық рәсімдеу мәселесін шешу жүктелді», – делінген сот хабарламасында.

Қайғылы жағдай биыл сәуір айында болған. Тергеу деректеріне сәйкес, ер адам ішімдік ішкен күйде жұмыстан қайтып келе жатқан әйелін аңдып күткен. Кейін оған бейсбол битасымен шабуыл жасап, басынан бірнеше рет соққы жасаған. Әйел жерге құлағаннан кейін де ер адам соққысын жалғастырған.

Сараптама барысында жәбірленушіге барлығы 27 соққы жасалғаны анықталған. 52 жастағы әйел алған ауыр жарақаттарынан оқиға орнында қайтыс болды.

Тергеу нұсқасы бойынша, қылмысқа қызғаныш себеп болған. Әйел отбасындағы ұзақ уақытқа созылған зорлық-зомбылықтан кейін күйеуімен ажырасуға шешім қабылдаған. Алғашында ерлі-зайыпты екі жаққа кетуге келіскенімен, кейін жағдай ушығып, ер адам үйдегі құжаттарды өртеп жіберген.

Марқұм мен сотталғанның кәмелетке толмаған екі баласы бар. Енді олардың одан әрі тағдыры қорғаншылық және қамқоршылық органдарының қарауында болады.

Сіздің реакцияңыз қандай?

Ұнады Ұнады 0
Ұнамады Ұнамады 0
Керемет Керемет 0
Күлкілі Күлкілі 0
Сұмдық Сұмдық 0
Қайғылы Қайғылы 0
Жарайсың Жарайсың 0