Шерзат ісі қайталана жаздады: Арыстағы дүкенде тағы бір сұмдық болды
Түркістан облысында 500 теңге дауына бола бір топ жас жігіт дүкен сатушысын інісімен бірге соққыға жығып, сауда орнын бүлдіріп кеткен. Оқиға темекі сатып алуға келген адамның жарамсыз купюра ұсынуынан басталған, деп хабарлайды Sadaq.kz сайты 31-арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап.
30 жастағы азаматтың айтуынша, ол ескі ақшаны қабылдаудан бас тартқаны үшін соққыға ұшыраған.
12 наурыз күні кешкі уақытта дүкен иесі Алмасбек Әліпбайтегі кассада тұрған кезде екі жігіт келіп, темекі сатып алмақ болған. Алайда олар ұсынған 500 теңге купюра жарамсыз болғандықтан, сатушы ақшаны қабылдай алмаған.
“Мен балаларға түсіндіріп айттым. Балалар, мына 500 теңге өтпейді. Жарамсыз болып қалған. Түтіліп кеткен. Жарамай қалған. Оны қайтарымға алмайды” деп түсіндіріп жатсам, “қалай сонда алмайды” деп ұрыс-керіс бастады. Қазір ағаларымызды шақырып келіп, бетіңді таптап кетеміз деді”, – дейді жәбірленуші.
Алмасбек бастапқыда бұл сөздерге мән бермегенін айтады. Бірақ көп ұзамай жол бойындағы дүкенге бірнеше жас жігіт кіріп келген. Олардың бір бөлігі есікті жауып, қалғандары сатушыға жабылған.
Жәбірленушінің сөзінше, олар қолын қайырып, еден жуатын таяқпен кезек-кезек басы мен желкесінен ұрып, есінен тандырған. Сатушыны қорғауға келген 11-сыныпта оқитын інісі де соққыдан аман қалмаған. Соның салдарынан тістері босап, миы шайқалып, қабырғасы зақымданған. Ағайындылар полиция арызды әрең қабылдады деп наразылық білдіріп отыр.
“Анықтаушылар мен емханада жатқанымда келген жоқ. Шулап жүріп, “ей, келсеңші, бірдеңе ал, арыз қабылда” дедік. Хал-жағдайды сұрау керек қой негізі. Өлейін деп жатқан адамнан да келіп сұрайды ғой негізі. Ондай болған жоқ. Кейіннен бесінші күні келіп, маған күдікті ретінде келді. Мені күдікті қылып жіберді. Маған күдікті деген қағазды беріп, күдікті емеспін деп жазып бер деп қағазды толтырып, менің арызымды да қабылдамай кетті”, – дейді Алмасбек Әліпбайтегі.
Жәбірленушілер бес күн бойы полиция бөліміне барып, ақыры арыздарын өткізе алмағандарын жеткізді. Амалы таусылған олар әлеуметтік желіде жанайқайын жариялағаннан кейін ғана құзырлы органдар іске кіріскен.
“Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жедел іздестіру шаралары барысында оқиғаға қатысушылар анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Қазіргі уақытта “бұзақылық”, яғни “адамдар тобы жасаған қылмыс” бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Екі күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды”, – деп мәлімдеді Түркістан облысы полиция департаменті тергеу басқармасының бастығы Мұхтар Сейділдаев.
Алайда жәбірленушілер шабуыл жасаған топтың тек екі мүшесі ғана ұсталғанын айтып, қалғандарының бостандықта жүруіне наразылық білдіруде. Олар істі тек бұзақылық емес, тонау және денсаулыққа қасақана зиян келтіру баптары бойынша да қарауды талап етіп отыр.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0