Сирия президенті Башар Асад ұшақ апатынан қаза тапқан болуы мүмкін - БАҚ

Ұшақ 8 желтоқсанда Дамаскіден көтеріліп, 40 минуттан кейін радардан жоғалып кеткен.

Желтоқсан 8, 2024 - 17:06
Сирия президенті Башар Асад ұшақ апатынан қаза тапқан болуы мүмкін - БАҚ
Фото: albertoclemares.hotmail.com

Батыс ақпарат құралдарында Сирия президенті Башар Асадтың ұшақ апатынан қаза тапқаны жайлы ақпарат тарады,, - деп хабарлайды sadaq.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап. 

Сирия президенті Башар Асад мінген Сирия Эйр әуе компаниясына тиесілі Ил-76 ұшағы Хомс қаласының маңында радардан жоғалып кетті деген дерек тарады.

Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, ұшақ 8 желтоқсанда UTC уақыты бойынша сағат 2:00 шамасында Дамаскіден көтеріліп, 40 минуттан кейін радардан жоғалып кеткен. Соңғы сигнал 495 метр биіктікте Рам әл-Анз ауылының ауданында тіркелді. 

Бұқаралық ақпарат құралдарының мәлімдеуінше, Асадтың ұшақ апатында қайтыс болуы ықтималдығы өте жоғары. Өйткені ұшақтың неліктен күтпеген жерден басқа бағытқа бұрылып, картадан жоғалып кеткені әлі де белгісіз.

Бұған дейін аты-жөнін атамаған Сирия армиясының жоғары лауазымды офицерлері елдегі соғыс қимылдары күшейіп жатқан кезде Башар Асадтың Дамаскіден "белгісіз бағытқа" кеткенін айтқан болатын. Ал сириялық көтерілісшілер Башар Асадты ұстауға көмектескендерге 10 миллион доллар сыйақы беретінін жариялады.

Еске салайық, биыл қараша айының аяғында - Хаят Тахрир аш-Шам (ХТШ) мен оның одақтасы Сирия Ұлттық Армиясы (СҰА) үкіметтік күштерге қарсы кең ауқымды шабуыл бастады. Бұл шабуыл үкіметтің артиллериялық соққыларына жауап ретінде ұйымдастырылған болатын.

Қазір Алеппо қаласының басым бөлігі көтерілісшілердің бақылауына өтті. Сонымен қатар Серакиб, Маарет-эн-Нууман, Хан-Шейхун және Идлиб провинциясындағы Кафр-Набль сияқты маңызды қалалар да көтерілісшілер қолында. 

Айта кетейік, "Хайят Тахрир аш-Шам" (ХТШ) - Башар Асад (Сирия президенті - ред.) режиміне қарсы күресіп жатқан ең ықпалды қарулы топтардың бірі. Ол бұрынғы "Джебхат ан-Нусра" негізінде құрылған және Идлиб аймағындағы маңызды әскери күшке айналды.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow