Сыртқы істер министрі Иран мәселесі бойынша бейбіт келіссөзді Қазақстанда өткізуді ұсынды
Қазақстанның сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев ирандық әріптесі Аббас Аракчимен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Ведомство мәліметінше, тараптар 26 наурызда Орта Шығыс өңіріндегі қазіргі жағдайды талқылап, екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты.
“Әңгіме барысында Ермек Көшербаев ирандық әріптесіне Иран айналасындағы жағдайға қатысты алаңдаушылық білдіріп, Қазақстанның бейбіт келіссөздерді Түркістан қаласында өткізуге дайын екендігін растады. Бұл туралы бұрын Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеген еді”, – деп хабарлады ведомство.
Сонымен қатар тараптар екіжақты қатынастардың өзекті мәселелері бойынша диалогты жалғастыруға уағдаласты.
Еске салайық, 21 наурызда Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысына жұмыс сапарымен барған еді. Аймақ тұрғындарымен кездесуде Мемлекет басшысы Қазақстан Орта Шығыс өңіріндегі күрделі жағдайда делдалдық рөлді көздемейтінін атап өтті, бірақ бейбіт келіссөздер өткізуге өз алаңын ұсынуға дайын екенін айтты. Оның пікірінше, мұндай диалогты Түркістанда ұйымдастыруға болады.
22 наурызда Ақорда баспасөз қызметі Қазақстан мен Иран президенттерінің мерекелік хабарламалармен алмасқанын мәлімдеді. Мемлекет басшысының атына Иран президенті Масуд Пезешкиан тарапынан Ораза айт пен Наурыз мерекесімен құттықтау телеграммалары келді. Жауап хатында Тоқаев бауырлас халықтардың бірлігін нығайтуға және Орта Шығыста тұрақтылық орнатуға тілектестік білдірді.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0