«Сұрақты түсінбегендіктен ұпай жоғалтып жатырмыз»: Магистратура талапкері қазақ тіліндегі тест сапасына шағымданды

Тамыз 1, 2026 - 12:11
app_badging Тамыз 1, 2026 - 12:14
chat_bubble  0 visibility  4
«Сұрақты түсінбегендіктен ұпай жоғалтып жатырмыз»: Магистратура талапкері қазақ тіліндегі тест сапасына шағымданды
Фото: ЖИ, Sadaq.kz

2026 жылғы магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеуді қазақ тілінде тапсырған талапкер әлеуметтік желіде Ұлттық тестілеу орталығына үндеу жасап, қазақ тіліндегі тест сұрақтарының сапасына қатысты мәселе көтерді, деп жазады Sadaq.kz.

Оның айтуынша, қазақ тіліндегі сұрақтардың бір бөлігі орыс тілінен сапасыз аударылғандықтан, талапкерлер дұрыс жауапты білсе де, сұрақтың мазмұнын түсінуде қиындық көрген.

«Мен 2026 жылғы магистратураға түсуге арналған Кешенді тестілеуді (КТ) қазақ тілінде тапсырған талапкермін. Сол шешіміме қатты өкініп отырғандардың бірімін. Себебі орыс тілінде КТ тапсырған студенттердің нәтижесі әлдеқайда жоғары», – деп жазды талапкер.

Ол тест барысында көптеген сұрақтардың қазақ тіліне грамматикалық, лексикалық, терминологиялық және стилистикалық қателермен аударылғанын алға тартты.

«Көптеген сұрақтардың қазақ тіліне сапасыз аударылғанын байқадық. Яғни, көп талапкер сұрақтың жауабын білмегендіктен емес, сұрақты түсінбегендіктен аз балл жинап жатыр», – деді ол.

Талапкер мысал ретінде Ұлттық тестілеу орталығының ресми сынақ тестеріндегі «Хабар» терминіне қатысты сұрақты келтірген. Оның сөзінше, сұрақтың мазмұны нақты берілмегендіктен, талапкер ненің анықтамасы сұралып тұрғанын түсіну қиын болған.

«Кейін зерттеу барысында бұл ағылшынның message терминінің калька аудармасы екенін түсіндік. Егер сұрақ “Коммуникациялық процестегі хабарлама ақпаратының анықтамасын тап” деп берілсе, студент тағы бір артық балл қосар ма еді? Бұл – көптеген қателері бар сұрақтың тек біреуі», – деп жазды автор.

Сөз соңында талапкер мәселені келесі жылғы талапкерлер қайталамаса екен деген ниетпен көтеріп отырғанын айтты.

«Келесі жылы бакалавр аяқтайтын студенттер біз шалынған кедергіге шалынбасын деген мақсатпен кешенді тестілеуге дұрыс назар аударуларыңызды сұраймын. Грантқа әркімнің түсуге таласы бар, бірақ сол талап пен ынта қазақ тіліндегі сұрақтарға немқұрайлы қараудың әсерінен сөніп қалғанын қаламаймын», – деді ол.

Бұл жарияланымға Ұлттық тестілеу орталығы ресми жауап берді.

«КТ тапсырмаларын ҚР жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы әзірлейді. Барлық тест тапсырмалары сараптамадан өткізіліп, тест өткізілетін тілде дайындалады», – делінген орталықтың түсіндірмесінде.

Сонымен қатар орталық тест нәтижесімен келіспеген жағдайда талапкерлерге апелляция беру мүмкіндігі қарастырылғанын еске салды.

«Егер тест нәтижесімен келіспесеңіз, мазмұны бойынша апелляцияға өтінішті тестті аяқтап, аудиториядан шықпай 30 минут ішінде бере аласыз. Ал техникалық себептерге апелляция тест барысында қабылданады», – деп хабарлады Ұлттық тестілеу орталығы.

Сондай-ақ орталық талапкерлерге ресми сынақ тестілері тест форматына бейімделуге және тапсырмалардың құрылымы мен мазмұнына алдын ала танысуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Сіздің реакцияңыз қандай?

Ұнады Ұнады 0
Ұнамады Ұнамады 0
Керемет Керемет 0
Күлкілі Күлкілі 0
Сұмдық Сұмдық 0
Қайғылы Қайғылы 0
Жарайсың Жарайсың 0