Зорлау туралы арызбен қорқытып, ақша жасаған қылмыстық топ сотталды

Ақпан 13, 2026 - 15:33
Ақпан 13, 2026 - 15:56
 0  2
Зорлау туралы арызбен қорқытып, ақша жасаған қылмыстық топ сотталды

Жетісу облысының прокуратурасы сотта ұзақ уақыт бойы психологиялық қысым мен шантаж әдістерін қолданып, қылмыс жасаған топтың кінәсін дәлелдеді. Талдықорған қаласының 9 тұрғыны азаматтарды алдап, ақша бопсалағаны үшін жауапқа тартылды, деп Sadaq.kz хабарлайды.

Тергеу барысында анықталғандай, қылмыстық топ 2024 жылдың мамыры мен 2025 жылдың наурызы аралығында әрекет еткен. Олар әлеуметтік желілер мен мобильді қосымшалар арқылы азаматтардың сеніміне кіріп, алдын ала дайындалған схема бойынша жұмыс істеген.

«Қылмыстық схема психологиялық қысым мен манипуляцияға негізделген. Күдіктілер жәбірленушілерді «зорлау туралы полицияға жалған арыз түсіреміз» деп шантаж жасап, мәселені «шешу» үшін қомақты қаражат талап еткен. Азаматтар қатаң прессингке ұшырап, амалсыз ақша беріп отырған», — деп Жетісу облысының прокуратурасы мәлімдеді.

Бұл заңсыз әрекеттер әшкереленіп, құқық бұзушылар ұсталғаннан кейін іс сотқа жолданған болатын. Сот отырысында мемлекеттік айыптаушы барлық дәлелдерді ұсынып, топ мүшелерінің кінәсін толықтай айғақтады.

«2026 жылдың 30 қаңтарында Талдықорған қалалық сотының үкімімен топтың 9 мүшесі ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабы 2-бөлігі 1, 2, 3-тармақтары (Бопсалау) бойынша кінәлі деп танылып, әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды», — делінген ресми хабарламада.

Қазіргі уақытта сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. Жетісу облысының прокуратурасы азаматтарды интернет арқылы танысу кезінде барынша сақ болуға шақырады.

Сіздің реакцияңыз қандай?

Ұнады Ұнады 0
Ұнамады Ұнамады 0
Керемет Керемет 0
Күлкілі Күлкілі 0
Сұмдық Сұмдық 0
Қайғылы Қайғылы 0
Жарайсың Жарайсың 0