«Терісімен бірге жұлып алған»: Қарағанды облысында 14 жастағы баланы өртеп жіберген жасөспірімге сот үкімі шықты
Қарағанды облысында 14 жастағы баланы өртеп жіберген 16 жастағы жасөспірімге сот үкімі шықты. Оған пробациялық бақылаумен бірге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды, деп хабарлайды sadaq.kz.
Өткен жылдың 17 қыркүйегінде Ақтоғай ауданының Шашубай ауылында елді дүрліктірген оқиға болды. 16 жастағы жасөспірім 14 жастағы Нұрсұлтанға жанып тұрған сіріңкені лақтырып жіберген. Баланың жанармай төгілген шалбары лезде тұтанып, мата аяғының терісіне жабысып, бала күйіп қалған. Нұрсұлтан оттан еріп денесіне жабысқан шалбарын терісімен бірге жұлып алған.
Алайда, 16 жастағы жасөспірім не жедел жәрдем, не ересектерді көмекке шақырмаған. Ол үйіне барып, өзінің ескі шалбарын әкеліп, Нұрсұлтанға күйік шалған аяғына қарамастан киіп алуды бұйырған. Сондай-ақ, аяқтарындағы күйіктердің неден пайда болғанын ешкімге айтпауды ескерткен. 14 жастағы Нұрсұлтан қатты ауырсынғанына қарамастан, басқа шалбар киіп, үйіне кеткен. Баланың анасы дереу «Жедел жәрдем» шақырған.
«Ұлым 17 қыркүйекте тағы үш баламен бірге сол балалардың бірінің үйінің ауласында болған. Сол балалардың ішіндегі ең үлкені – 16 жастағысы балаларға бензиннің буын иіскеуді ұсынған. Олар канистрдің қақпағын ашқан. Бірақ менің ұлым байқамай канистрді қағып кеткен. Бензин төгіліп, шалбарына тиген. Сол 16 жастағы жасөспірім ұлымнан 4 500 теңге көлемінде шығынды өтеуді талап еткен», – деді Нұрсұлтанның анасы.
Мектеп оқушысы ақшасы жоқ екенін айтқан. Бұған ашуланған 16 жастағы жасөспірім сіріңке жағып, Нұрсұлтанға қарай лақтырып жіберген.
Ата-аналар полицияға жүгінгенімен, олар белсенділік танытпаған. Заттай дәлелдер алынбаған, 16 жастағы күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы қолданылмаған. Көп ұзамай Ақтоғай ауданының тергеушісі «қылмыс құрамының болмауына байланысты» қылмыстық істі тоқтату туралы қаулы шығарған.
Кейін іске Қарағанды облысының ювеналды соты араласып, жасөспірімді ҚР ҚК 107-бабы 2-бөлігі — «Кәмелетке толмағанға қатысты орташа ауырлықтағы денсаулыққа қасақана зиян келтіру» бойынша кінәлі деп таныды.
Судья оған 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
1
Қайғылы
0
Жарайсың
0