Тоқаев Ұлттық құрылтайға қатысқандарға арнап ауызашар берді

Наурыз 14, 2025 - 22:03
Наурыз 14, 2025 - 22:11
Тоқаев Ұлттық құрылтайға қатысқандарға арнап ауызашар берді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай қатысушыларына арнап ауызашар берді, деп хабарлайды Sadaq.kz.

Президент жиналғандарды Әз-Наурыздың бастауы – Көрісу күнімен құттықтап, халық үшін қасиетті қос мерекенің қатар келуін жақсылыққа балады.

«Ең алдымен, қасиетті Рамазан айында тұтқан оразаларыңыз қабыл болсын дегім келеді. Сондай-ақ бүгін баршаңызды Әз-Наурыздың бастауы – Көрісу күнімен құттықтаймын! Халқымыз үшін қастерлі қос мерекенің қатар келуін бәріміз жақсылыққа балаймыз.

Осындай берекелі сәтте Көкше жерінде арнайы бас қостық. Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысын өткіздік. Мазмұнды әрі мағыналы жиын болды. Көптеген салмақты ұсыныс айтылды. Қоғамды толғандырып жүрген маңызды мәселелер көтерілді», - деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы Рамазан айындағы игі амалдар ынтымақ-бірлігімізді арттыра түсетінін атап өтті.

«Рамазан айы – «Айлардың сұлтаны». Осы кезде азаматтарымыз игі амалдар жасауға тырысады. Мұқтаж жандарға көмектеседі. Иман келтіріп, рухани жағынан тазарады. Түптеп келгенде, мұның бәрі жұртымыздың ынтымағын арттырады. Берекелі бірлігімізді бекемдей түседі.

Біз озық ойлы ұлт ретінде тек алға қадам басуымыз керек. Қазіргі бұлыңғыр, тұрақсыз әлемде халқымыздың тұтастығы аса маңызды. Сондықтан, бәріміз саналы, сабырлы болайық, ағайын!» - деді ол.

Президент еліміздегі тұрақтылық пен бірліктің маңыздылығына тоқталды.  

"Ислам – өзара құрмет пен келісім діні. Қазір әлем халқы аса күрделі кезеңді бастан өткеріп жатыр. Қауіп-қатерлер күшейді, геосаяси ахуал да күрделеніп барады. Кейбір санасыз, надан адамдардың, арандатушылардың іс-әрекетінің салдарынан әлемдегі ислам дінінің де беделі төмендеп кетті. Өкінішке қарай, осындай үрдіс пайда болды. Мұндай алмағайып кезде біз ынтымағымызды нығайтуымыз керек. Бұл – аса маңызды міндет.  Бәріміз бір ел болып зор жауапкершілікпен мемлекеттік саясатты қолдауымыз керек, еліміздің ұлттық мүддесін қорғауымыз қажет. Тату елде тұрақтылық пен тыныштық болады. Бірлігі мықты ел өркендейді.  Қасиетті Рамазан айы еліміз үшін жақсылыққа толы, шарапаты мол ай болсын. Оразада ниет еткен дұға-тілектеріңіз қабыл болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!" – деді Мемлекет басшысы.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow