Трампқа Нобель сыйлығы тағы да бұйырмады

Бейбітшілік бойынша Нобель сыйлығы венесуэлалық оппозиция жетекшісі, бұрынғы депутат Мария Корина Мачадоға берілді, деп хабарлайды Orda.kz.
Мария Корина Мачадо — Чавес пен Мадуро режимдеріне қарсы тұрғаннан соң танымал болған оппозиция көшбасшысы және өнеркәсіп инженері. Оған сыйлық «Венесуэла халқының демократиялық құқықтарын қорғау және диктатурадан демократияға бейбіт көшу жолындағы күресі мен тынымсыз еңбегі үшін» берілді. Ол 2011-2014 жылдары Ұлттық Ассамблеяның депутаты болды. Ал 2023 жылғы президенттік сайлауға қатысудан шеттетілді. Мария Корина Мачадо қаншама қысымға ұшыраса да, демократия үшін күресін тоқтатпады.
Дональд Трамптың өзі осы жылдың қаңтар айында Мария Корина Мачадоға арнап жазба жариялады.
«Венесуэлалық құқық қорғаушы Мария Корина Мачадо мен сайланған президент Гонсалес режимге наразылық білдірген жүздеген мың адамды көшеге шығарып, Венесуэла халқының еркі мен дауысын бейбіт түрде жеткізді. АҚШ-тағы ұлы Венесуэла — америкалық қауымдастық еркін Венесуэланы қолдайды. Сонымен қатар, маған да қолдау көрсетті. Бостандық үшін күрескендер зардап шекпеуі керек. Олар қауіпсіздікте болуы керек және аман қалуға міндетті!», – деп жазды Трамп.
Айта кетейік, тамыз айында Ақ үй ресми түрде Трампты бейбітшілік бойынша Нобель сыйлығына ұсынған еді. Трамптың кандидатурасын қолдаған елдер: Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев, Армения премьер-министрі Никол Пашинян, Камбоджа премьер-министрі Хун Сен, Габон президенті Брайс Олиги Нгема, Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху, Пәкістан үкіметі және Руанда СІМ басшысы Оливье Ндухунгирехе.
Сіздің реакцияңыз қандай?






