Түркі елдері күш біріктіріп жатыр
Соңғы кездері Түркітілдес мемлекеттер сыртқы сын-тегеуріндерге тойтарыс беру мақсатында бір шаңырақ астында күш біріктіре бастады. Ортақ ақпараттық кеңістік құрып, жаңа формадағы сауда және инвестициялық қадамдар жасап жатыр. Мәселен жақында Ыстанбұл қаласында Түркі мемлекеттері сауда және инвестициялық ынтымақтастық халықаралық форумы өткені белгілі. Бас-аяғы үш күнге созылған халықаралық кеңеске Қазақ, Қырғыз, Өзбек, Түркмен, Әзірбайжан, Түркия, Мажарстан секілді Түркі мемлекеттерінен үлкен делегациялар қатысты.
Форумды ұйымдастырушы Rok International Consultancy халықаралық заң компаниясының құрылтайшылар кеңесінің төрайымы Айгюн Алиева ханым (Әзірбайжанның тумасы) құттықтау сөзінде 21 ғасыр Түркі дүниесіндегі жаңа кезеңінің ынтымақтастық бірлігін дамытудағы маңызын атап өтті.
Сол секілді Түркия сауда және өнеркәсіп палаталары қауымдастығының Бас хатшысы Адем Кула «мұндай маңызды жиындардың көбеюі түркі бірлігінің жаңаша формаға өте бастағанын көрсетеді», - деп атап өтті. Оған дәләл ретінде Бішкекте табысты өткен Түркі мемлекеттері халықаралық ұйымының саммитін сөз етті.
Түркі мемлекеттері сауда палатасының өкілдері, Әзірбайжан, Өзбекстан, Мажарстан елдерінің консулдары, Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулдығының сауда өкілі Сәлім Тойлыбек, т.б. сөйледі.
Түркі тілдес халықтарының, Түркі мемлекеттерінің экономика, сауда, ғылым мен білімін, өнер мен мәдениетін одан әрі дамытып, Түркі дүниесінің бірлігін арттыру мақсатын көздеген бұл жиында Қазақ халқының атынан «Толағай» алыптар сайысы» жобасының негізін қалаушы, қол күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстан және Азия чемпионы, мас-рестлингтен әлемнің күміс жүлдегері, рекордшы Темір Спатаев барып қатысты. Өз кезегінде қазақ батыры Темір Спатаевты форум қонақтары зор қошеметпен қарсы алды. Түркі халықтар арасында мәдениет пен спортты барынша дамытуға, жас ұрпақты бабалар жолмен тәрбиелеуге арналған арнайы дәрісі оқыды. Артынан спортттық өнерін паш етті.
Сондай-ақ қазақ батыры Темірдің өнері қонақтар арасында үлкен әсер қалдырғанға ұқсайды.
«Өзінің спорттық өнерін көрсетті. Әлемнің жиырмадан астам елінде болған белгілі рекордші 25-келі темір қылышты ұршықша иірді, 20 сантиметр қатты темір шегені майыстырды, Түркі халықтарының бірлігін бейнелейтін шегелермен көрініс жасады, жаттығуын көрсетті. Одан соң, домбырада Қазақтың халық әндерін орындады.
Ия, осындай Түркі халықтарының ұрпақтарын қазақ палуаны Темір Спатаев арқылы бүкіл әлемге танытайық!
Түркі мемлекеттерінен әзірленген көрмеге келушілердің қарасы көп болды. Өнер мен мәдениеттің, Түркі халықтарының әндерді шырқалды, билері орындалды, Әзірбайжан ән-би ансамблі тамаша концерт қойды.
Түркі халықтарының бірлігі жасасын!», - деп жазған ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының Бас кеңесшісі Ержан Уәйіс.
Қазіргі кезде Түркі әлеміне ресми түрде 8 мемлекет кіреді. қазіргі кезде түркі тілдерінде шамамен 230 миллионнан астам адам сөйлейді.
Түркі әлемі бүгінде 22 миллион шаршы шақырымнан астам аумақты алып жатыр. Басқаша айтқанда, Антарктиданы қоспағанда, Жер планетасындағы бүкіл құрғақ құрлық жердің (134,7 миллион шаршы шақырым) алтыдан бір бөлігін түркітілдес халықтар жайлап жатыр.
Түркі әлеміне, тиісінше, түркітілдес халықтар мекен ететін аумақтарға:
• Орталық Азия және Қазақстан,
• солтүстік Ауғанстан,
• Қытайдың солтүстік-батысындағы Шыңжаң (Синьцзян) провинциясы,
• Украина (соның ішінде Қырым),
• Сібірді қоса алғанда, Ресейдің азиялық аудандары, кавказдық өңірлері және еуропалық бөлігі: Татарстан, Башқұртстан, Алтай, Хақасия, Тыва, Сақа (Якутия), Карачай-Черкесия, Чувашия, сондай-ақ балқарлар, құмықтар, ноғайлар, тофалар (қарағастар) және басқасы,
• Таяу Шығыс елдері,
• Иран,
• солтүстік Ирак,
• Сауд Арабиясы,
• Кавказ, соның ішінде Әзербайжан мен Грузия,
• Еуропа: Грецияның солтүстік-шығысы, Македония, Косово, Босния, Болгария, Румыния, Литва жатады.
Сіздің реакцияңыз қандай?