Үйінен Микеланджелоның суретін тауып алды: Калифорния тұрғыны бір күнде қалай миллиардер атанды?
2026 жылдың 5 ақпанында Нью-Йорктегі Christie's аукционында Ренессанс дәуірінің алыбы Микеланджело салған кішкентай эскиз рекордтық бағаға сатылды. Бар болғаны 13 сантиметрлік қағаз қиындысы бастапқы бағасынан 13 есе қымбатқа кетіп, әлемдік сенсацияға айналды, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Бастапқыда сурет 1,5–2 миллион долларға бағаланған еді. Алайда коллекционерлер арасындағы қызу талас бағаны 27,2 миллион долларға (шамамен 12 миллиард теңгеден астам) дейін көтерді. Бұл — Микеланджело жұмыстары үшін төленген ең жоғары сома. Осыған дейінгі рекорд 2022 жылы орнатылған болатын ($24,3 млн).
Оқиғаның ең қызығы – суреттің қалай табылғанында. Солтүстік Калифорния тұрғыны өз үйінде сақтаулы тұрған эскизді бағалап беруін өтініп, аукцион үйінің сайтына фотосын жіберген. Ол бұл мұраны 2002 жылы әжесінен иеленіпті. Оның отбасы бұл қағазды XVIII ғасырдың соңынан бері сақтап келген, бірақ оның әлемдік шедевр екенін ешкім білмеген. Мамандар суретті көре сала, оның нағыз қазына екенін бірден түсініп, Калифорнияға арнайы ұшып барған.
Зерттеу жұмыстары алты айға созылды. Сарапшылар инфрақызыл сәуле арқылы қағаздың екінші бетінде де сурет барын анықтаған. Сонымен қатар, қағаздағы «Michelangelo Bona Roti» деген жазу мен сурет салу мәнері бұл туындының атақты Сикстин капелласын безендіру кезінде (1511-1512 жылдары) салынғанын дәлелдеді.
Бұл эскиз – Микеланджелоның әйгілі «Ливиялық сивилла» фрескасына дайындық ретінде салған аяқ басының суреті. Шебердің өмір бойы салған мыңдаған суреттерінен бүгінгі күнге дейін тек 600-дейі ғана жеткен. Ал Сикстин капелласына қатысты эскиздердің аукционға шығуы өте сирек құбылыс.
Мамандар бұл сатылымды «соңғы жылдардағы өнер нарығындағы ең таңғажайып нәтиже» деп атап отыр. Кәдімгі отбасылық жәдігердің әлемдік сенсацияға айналуы ежелгі өнер туындыларының әлі де табылып жатқанына дәлел болды.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0