«Имамдар жаназаға 100 мың теңге сұрайды»: Діни басқарма түсініктеме берді

Жамбыл облысы Сарысу ауданында жаназа намазын оқу үшін 100 мың теңге талап етіледі деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Аталған мәліметті айтыскер Алик Бекмусаев Threads желісіндегі парақшасында жариялап, "жоғарыдан келген бұйрық дейді" деп жазған. Бұл жазба әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, қоғамда алаңдаушылық туғызды.
Алайда ҚМДБ өкілдері бұл ақпаратты жоққа шығарды.
Жаназа намазы мешіттерде діни талаптарға сай тегін оқылады. Ақылы түрде өткізу туралы ешқандай ресми бұйрық немесе нұсқау берілген жоқ. Әлеуметтік желілерде тараған мәліметтер шындыққа сәйкес келмейді, – делінген ҚМДБ хабарламасында.
Сарысу ауданының бас имамы да жағдайға түсініктеме беріп, айтыскермен байланыс орнатуға тырысқанын, алайда ешқандай нақты дәлел ұсынылмағанын айтты.
ҚМДБ өкілдері барлық діни рәсімдердің ақысыз жүргізілетінін ескертті. Сонымен қатар, жалған ақпараттар халықтың сеніміне селкеу түсіріп, қоғамда негізсіз дау туындататынын атап өтті.
Діни басқарма тұрғындарды кез келген сұрақ туындаған жағдайда мешіттерге немесе уәкілетті органдарға тікелей жүгінуге шақырды.
Сіздің реакцияңыз қандай?






