«Жайлы мектеп»: Атырауда Тоқаевтың тапсырмасымен салынып жатқан мектеп құлап қалды

Атырау облысында Президенттің тапсырмасы бойынша салынып жатқан мектеп құлап қалды. Құлсары қаласында жаңадан салынып жатқан мектептің төбесі опырылып түскен.
Samruk-Kazyna Construction компаниясының мамандарының мәліметінше, құрылыс компаниясы жұмысты сапасыз жүргізген. Яғни апатқа құрылыс материалдарын дұрыс орналастырмаған.
Компания таратқан мәлімет бойынша, мектеп құрылысын жүргізіп жатқан мердігер «Turan Ascent» ЖШС. Жоспарға сәйкес, ғимарат 2025 жылдың соңына дейін тапсырылуы тиіс болған.
«Алдын ала анықталған себеп спорт залының төбесіне құрылыс материалдарын дұрыс орналастырмау. Мердігер бір аумаққа салмағы алты тоннадан асатын ауыр жабын материалдарын жинап қойған. Соның салдарынан шатырдың бір бөлігі зақымдалған», – дейді Samruk-Kazyna Construction өкілдері.
Қазір оқиғаның мән-жайын толық анықтау үшін арнайы комиссия құрылып, оған компания басшылығы, техникалық және авторлық бақылау мамандары қатысуда. Сонымен қатар, ғимарат конструкциясының беріктігі мен жобаға сәйкестігін анықтау үшін тәуелсіз сарапшылар да тартылған.
«Нақты қорытынды сараптама нәтижесі шыққан соң жарияланады. Барлық анықталған кемшілікті мердігер өз есебінен түзетуге міндетті», – деп атап өтті компания.
Samruk-Kazyna Construction өкілдері мектеп құрылысының сапасы мен қауіпсіздігін бақылау мәселесінде қатаң ұстанымда екенін жеткізді.
Компания «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында мектеп құрылысы бойынша бірыңғай оператор. Ал жобаның бюджетін басқару міндеті облыстық құрылыс басқармасына жүктелген.
Сіздің реакцияңыз қандай?






