Жетісайдағы қайғылы өрттен кейін депутат Ардақ Назаровтың жазбасы жұрттың ашуын тудырды
Кеше Түркістан облысы Жетісай ауданының Алғабас ауылында жантүршігерлік өрт болып, 12 адамның өмірін жалмады. Оның 9-ы бала. Ел қайғыдан қан жұтып, қиналып жатқанда депутат Ардақ Назаров әлеуметтік желідегі парақшасында ұлына ақыл айтып жазба жариялады, деп хабарлайды POLITICO.KZ
«Әй ұлым, маңайыңа ізгілік қыл.
Жамандықтан жырақ тұр. Ізгілік жасау арқылы өзіңді тамұқтан сақта. Жаманға жақындама ол сені қор қылады.
Екіжүзді кісіге сырыңды айтпа.
Сөзің жайылып, сырың ашылады,
Өсекші кісіні үйіңе жуытпа, көріп-білгенін бүкіл елге жаяды.
Барлық сөзді тыңда, бірақ тез иланба.
Көңілің мен сырыңды берік сақта.
Айтолдының ұлына айтқаны “Құтты білік”», — деп жазған мәжілісмен.
Алайда халық қалаулысының бұл әрекеті көпшілікке жақпай қалды.
«Бүгін біздің елде үй өртеніп, 12 адам қайтыс болды. Депутатымыздың жазып отырған посты мынау», — деп жазды әлеуметтік желі белсендісі Сәбит Рысбаев.
Сондай-ақ, көпшілік те депутат осындай қиын-қыстау кезеңде халықпен бірге болу керегін айтып, пікір қалдырған.
«Мандатын заң жолымен қайтарып алатын ешкім болмағаны ма?», «Ақылшы данышпан болудан шаршамайды екен», «Ата-бабамыздың айтқан сөзін айту мен жазудан шаршамайды екен ағамыз. Өзінің ойы жоқ-ау соған қарағанда», «осындай қайғылы сәттерде басқа тақырыпты қозғамай ақ қойса болады ғой депутаттар. Қазақстанда депутат болудан және оның ішінде Аманаттың орталық аппаратынан тағайындалған депутаттан бақытты жан жоқ шығар», — деп жазды көпшілік.
Сіздің реакцияңыз қандай?