140 мың теңге жетпейді: Теміртауда жедел жәрдем қызметкерлері жалақыларын көтеруді талап етіп жатыр
Теміртау қаласының жедел жәрдем қызметкерлері бұқаралық ақпарат құралдарына жүгініп, шамадан тыс жұмыс жүктемесі мен төмен еңбекақы мәселесін көтерді. Медициналық мамандар өз еңбегінің бағаланбай отырғанын айтып, жағдайға өңірлік және республикалық деңгейде араласу қажет екенін жеткізді.
Теміртау жедел жәрдем стансасының қызметкерлері жылдар бойы қордаланған мәселелер жөнінде ашық айтты. Олардың қатарында – еңбекақының мардымсыздығы, кадр тапшылығы, тозығы жеткен автопарк, сондай-ақ еңбек жағдайына қатысты тиімді әрі түсінікті шешімдер механизмінің жоқтығы.
Фельдшерлердің айтуынша, баспасөзге жүгіну – амалсыз қадам, өйткені жергілікті деңгейде олар өз сауалдарына нақты түсініктеме де, ресми жауап та ала алмаған.
Шақыру бригадасының фельдшері Айкен Андрова жүктеменің мамыр айынан бері айтарлықтай артқанын айтады, медицина қызметкерлері «барлық санаттағы шақыруларға» шығуға мәжбүр.
«Бізге күн сайын түсетін жүктеме үлкен. Шақыру кезінде ауыр науқастарды көтереміз, биіктіктен құлағандарға барамыз, денсаулығымызға қауіп төндіреміз. Соған қарамастан, алатын айлығымыз өте төмен. Қыркүйекте жеті ауысым үшін 140 мың теңгеден сәл ғана жоғары еңбекақы алдым. Бұл - адам өміріне жауапкершілік арқалайтын маманның жалақысы», - дейді ол.
Төмен жалақы салдарынан көптеген қызметкерлер қосымша жұмыс істеуге мәжбүр.
«Тәуліктік кезекшіліктен соң бір күн демаламын, ал екі күн жеке клиникада жұмыс істеймін. Басқа амал жоқ», - дейді фельдшер.
Теміртау - 200 мыңнан астам тұрғыны бар ірі өнеркәсіптік қала. Нормативке сәйкес, әр 10 мың тұрғынға бір жедел жәрдем бригадасы болуы тиіс. Алайда іс жүзінде тәулігіне 20 бригаданың орнына небәрі 10-11 бригада ғана жұмыс істейді. Стансадағы кадр тапшылығы 20 фельдшерге жетіп отыр.
Автопарктің жағдайы да алаңдатарлық.
«Қосалқы көліктердің кейбірінде қауіпсіздік белдіктері істемейді. Науқасты бекіту - міндетті талап. Бірақ пайдаланылып жүрген техника тозған. Көліктердің басым бөлігі 2017 жылғы, тіпті одан да ескі машиналар бар», - дейді қызметкерлер.
Облыстық жедел жәрдем стансасы басшысының міндетін атқарушы Ақылбек Сарбаев бұл деректерді растайды: автокөліктердің жартысынан көбі тозығы жеткен.
«Облыста қаржылық лизинг арқылы 113 жедел жәрдем көлігі сатып алынып жатыр. Желтоқсанның соңына дейін жеткізу жоспарланған, құжаттандыруға бір айдай уақыт кетеді. Ақпан айында Теміртаудың автопаркін толық жаңартуды жоспарлап отырмыз», - деді ол.
Алайда басты мәселе — еңбекақы, әлі күнге шешімін таппаған.
«Иә, жалақының төмен екендігімен келісеміз. Фельдшер - адам өмірін құтқаруға жауапты маман, мұндай еңбекті ең төменгі айлықпен бағалауға болмайды. Бұл мәселе бойынша біз кәсіподаққа да, орталық мемлекеттік органдарға да хат жолдадық. Қазір шешім күтіп отырмыз», - деді Сарбаев.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы да қаржыландыруды арттыру мәселесі республикалық деңгейге шығарылғанын растады.
«Қазіргі уақытта медициналық қызметкерлердің кәсіподағы еңбек ұжымымен келісім негізінде әлеуметтік әріптестік аясында ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне жан басына шаққандағы тарифті инфляция деңгейіне сәйкес ұлғайту жөнінде ұсыныс енгізілген хат жолдады. Ал автопаркті жаңартуға келсек, биыл жергілікті атқарушы органдар облыстық бюджет есебінен 113 жедел жәрдем көлігін және санавиация үшін екі машинаны сатып алып жатыр», — деп хабарлады ведомство.
Жедел жәрдем қызметкерлері бұқаралық ақпарат құралдарына жүгінгендегі мақсат — шиеленіс тудыру емес, өз дауыстарының естілуі екенін айтады.
«Біз - алғашқы медициналық көмек буынымыз. Сіздердің туыстарыңызға, балаларыңызға ең алдымен біз барамыз. Біз адам өмірі үшін күресеміз. Біз жай ғана лайықты еңбекке лайықты жалақы сұраймыз. Мемлекет біздің даусымызды естиді деп сенеміз», - дейді Айкен Андрова.
Қазақпарат
Сіздің реакцияңыз қандай?