Самат Әбіш Мәсімовке қарсы ақпарат беріп жатыр
Facebook.com әлеуметтік желісінде журналист Бүркіт Нұрасыл «Самат Әбіштің салған жерден «сайрай жөнелгені» күдік тудырады» деп жазды.
«Жақында ғана әлеужелі бетінде Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені, Ұлттық қауіпсіздік комитеті деген атынан ат үркетін мекеменің орынбасары болып келген Самат Әбіштің мойынына қыл бұрау түсті деген ақпарат тараған еді. Ұзамай құзырлы органдар расында да Самат Әбішке қатысты тергеу жүріп жатқанын әрі бұл процестің жабық күйде өтетінін айтқан болатын.
Алайда соған қарамастан Самат Әбіш тергеуіне қатысты кейбір тұстар жалпақ жұртқа жария болып кеткенге ұқсайды. Рас болса, экс-президенттің жиені өзінің бұрынғы бастығы Кәрім Мәсімовке қарсы ақпараттар берген. Керек болса, барлық былықтарымен қоса, Қаңтар оқиғасына кімнің қалай араласқанын, шенеуніктер мен олигархтардың сол күндері шетелге ақшаны қалай шығарғанын, бір сөзбен айтқанда толық схеманы тергеушілер алдында жайып салған», – дейді журналист.
Самат Әбіш пен Кәрім Мәсімовке қатысты ақпарат hacknazararnasy телеграмм-арнасында жарық көрген.
«Біздің барлау қызметіндегі инсайдеріміз эксклюзивті ақпаратпен бөлісті. Бүгінде Назарбаевтың жиені және бұрынғы ҰҚК басшысының орынбасары Самат Әбішке қатысты тергеу жүріп жатқаны көпшілікке аян. Енді міне, оның тергеушілермен тығыз әріптестік орнатып, өте құнды ақпараттар беріп жатқаны белгілі болды. Ол өзінің бастығы болған Мәсімовке қарсы ақпарат берген. Тіпті «Қаңтар оқиғасына» қатысы жоқ деп тергеу тарапынан күдікке ілінбеген жақтастары жайлы да бар ақпаратты жайып салған. Самат Әбіш «Қаңтар оқиғасына» қатысты көптеген жаңа ақпараттар айтқан. Ол елден ақша шығару схемасының қалай іске асқанын айтып, тіпті бірқатар бөлігін қайтаруға да көмектескен көрінеді. Тың ақпараттарға байланысты «Қаңтар оқиғасын» тергеу жаңа қарқынмен іске асып, жаңа тергеулер мен сот істері, қамаулар болатын сияқты», – делінген аталған телеграм каналда.
Журналист бұл жаңалыққа қуануға болмайтынын айтады. Нақтырақ айтсақ ол Кәрім Мәсімовке қарсы ақпарат беру арқылы Самат Әбішке жеңілдік жасалуы мүмкін екенін ескертті.
«Бұл жаңалықты естіп, біраз ағайынның бөріктерін аспанға атып жатқанын байқадық. Ал өзі басым бұған қуана алмай отырмын. Себебі, әккі әулеттен шыққан Самат Әбіштің салған жерден «сайрай жөнелгені» күдік тудырады.
Соған қарағанда, кейбір мүдделі топтар тарапынан "Самат мырза тергеу барысында процессуалдық келісімге келді, қылмыстық әрекеттерді ашуға көмектесті" деген желеумен босатып немесе шартты жазамен қуғыннан алып қалудың амалы жасалып жатқан тәрізді», – дейді ол.
Сіздің реакцияңыз қандай?