Абай облысында көлік бір топ адамды қағып кетті: үш бала көз жұмды

Президенттің тапсырмасы бойынша зардап шеккен балаларға көмек көрсету үшін қорғаныс министрлігінің ұшағы медициналық бригадамен бірге өңірге аттанды.
Абай облысы Үржар ауданында болған жол апатынан үш бала қаза тауып, тағы үш бала жарақат алды.
Тойота көлігінің егде жастағы жүргізушісі рульге ие бола алмай, жолдан 10 метр жерде қақпаның жанында ойнап жүрген балаларды соқты, деп хабарлады полиция. Көліктің бір топ баланы қағып кетуі салдарынан үш бала қаза тапты, тағы үшеуі дәрігерлердің бақылауында, деп хабарлады әкімдіктегілер.
"Зардап шеккендердің жағдайы ауыр деп бағаланып отыр, оларға барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр", - деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылар.
Денсаулық сақтау министрлігі хабарлағандай, қайғылы жағдайдан аман қалған балаларға көмек көрсету үшін президент Қасым-Жомарт Тоқаев құрамында реаниматолог, нейрохирург және травматолог бар астаналық дәрігерлер бригадасын жіберді.
Дәрігерлер мінген қорғаныс министрлігіне қарасты С-295 әскери-көлік ұшағы түнгі 00:00 шамасында өңірге жетті.
"Облыс әкімі Берік Уәлидің тапсырмасы бойынша қаза болғандардың отбасыларына жерлеуді ұйымдастыруда барлық қажетті қолдау көрсетіледі, психологиялық және материалдық көмек көрсетіледі", - дейді әкімдіктегілер.
Оқиға орнында әкім орынбасарының үйлестіруімен арнайы топ жұмыс істеп жатыр, жағдай ерекше бақылауда.
Сіздің реакцияңыз қандай?






