«Адам төзер жер емес екен»: Әскерде қаза тапқан Нұрасылдың соңғы сөзі
5 қазан күні таңғы сағат 7:40-та туыстары оның қайтыс болғанын естіген.

Алматыда жұмбақ жағдайда қаза тапқан сарбаздың туыстары Тоқаевқа үндеу жолдады, деп жазады Ertenmedia.
Қызылордадан Алматы облысындағы Қарасай ауданының шекара қызметіне (ҰҚК) шақырылған 18 жастағы Нұрасыл Әнуардың ажалы әскердегі әлімжеттік мәселесін кезекті рет күн тәртібіне шығарды.
Ресми диагноз менингококцемия. Менингококк бактериясы денеге тарап, сепсис тудырған. Дәрігерлердің алдын ала мәліметінше, сарбаз осы қауіпті инфекцияның асқынуынан қайтыс болған.
Алайда марқұмның туыстары бұған күмән келтіріп отыр. Айтуларынша, әскерге шақырылмас бұрын Нұрасылдың денсаулығында ешқандай кінәрат болмаған.
«Егер оның денсаулығында ақау болса, медициналық комиссия анықтар еді. Мұндай қауіпті инфекция кемі бір тәулік ішінде белгісін беретін еді ғой. 4 қазан күні кешке аға-әпкесімен телефон арқылы тілдескенде денсаулығына шағым айтқан жоқ. Тек «мына жер адам төзер жер емес екен» деп бірнеше рет қайталаған. Армияны мүлде басқаша елестеткен сияқты», – деді сарбаздың әпкесі Динара.
Нұрасыл Әнуар әскерге 2025 жылдың 27 қыркүйегінде өз қалауымен кеткен. Бір аптадан соң, 5 қазан күні таңғы сағат 7:40-та туыстары оның қайтыс болғанын естіген. Жедел жәрдем таңғы сағат 4:47-де шақырылғанымен, дәрігерлер сарбаздың өмірін сақтап қала алмаған. Жақындары мәйітті бірнеше сағат бойы ала алмай, құжат рәсімдеуде қиындық туған.
«Ол әулеттің кенжесі еді. Әскерге барарында жүрегіміз қобалжыды, бірақ өзі Отан алдындағы парызымды өтеймін деген мақтанышпен кетті. Өмірге құштар, әділдікке сенген, мейірімді жігіт еді. Әскер бейбіт күнде жастар өмірін жалмайтын жер емес қой. Бұл орны толмас қаза. Анасы тірі болса, мұндай қайғыны көтере алмас еді», – дейді Нұрасылдың ет жақындары.
Марқұмның туыстары осы оқиғаға байланысты президент Тоқаевқа үндеу жолдап, істің ашық әрі әділ тергелуін талап етті.
«Біз, Нұрасылдың отбасы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа қайырылып отырмыз. Осы істі өз бақылауыңызға алыңызшы. Біз мемлекетке сеніп, баламыздың қауіпсіздігіне кепілдік береді деп үміттендік. Бейбіт заманда жастар неге осылай қаза болуы тиіс? Бұл бір ғана отбасының трагедиясы болып қалмасын. Мұндай оқиғаның қайталанбауы үшін барлық шара қабылдансын. Біз Қорғаныс министрлігі мен Шекара қызметінен жауап күтеміз», – деді марқұмның жақындары.
Шекара қызметі дәл қазір әскери бөлімде қызметтік тергеу басталғанын, ал полиция сотқа дейін тексеру жүргізіп жатқанын хабарлады. Сарбаздың денесі толық сараптамадан кейін Қызылордаға жеткізіліп, туған жерінде жерленеді.
Сіздің реакцияңыз қандай?






