«Африкаңа қайт»: Трамп пен Маск тағы жанжалдасып қалды

АҚШ президенті Дональд Трамп Илон Масктың шығындар мен салықтарға қатысты заң жобасына айтқан сынына жауап беріп, кәсіпкерге «дүкеніңді жап та, Оңтүстік Африкаға үйіңе қайт» деп кеңес берді, деп жазады qazaq.today.
«Электр көліктері керемет, бірақ барлығын оны пайдалануға мәжбүрлеу дұрыс емес. Илон адамзат тарихында ең көп субсидия алған адам болуы мүмкін. Егер сол субсидиялар болмаса, бәлкім, ол әлдеқашан дүкенін жауып, Оңтүстік Африкаға қайтып кетер еді», - деп жазды Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде.
Сонымен қатар, Трамп бұрын Маск басқарған Мемлекеттік тиімділік департаментін (DOGE) тексеруге шақырды.
«Зымырандар, спутниктер мен электромобильдер өндірісін тоқтатсақ, ел ретінде үлкен қаржы үнемдер едік. Бәлкім, DOGE осы мәселені мұқият қарап шығуы керек шығар. Бұл арқылы миллиардтаған қаржыны үнемдеуге болады», — деді АҚШ президенті.
Заң жобасы туралы не белгілі?
Бұған дейін АҚШ Сенаты Трамптың өзі «бір үлкен және әдемі заң» деп атаған (One Big Beautiful Bill) реформалар пакетін ілгерілетуге дауыс берген. Бұл заң жобасында ауқымды салық жеңілдіктері мен мемлекеттік шығындарды көбейту қарастырылған. Құжатта шамамен 4 триллион доллар салықтық жеңілдіктерді ұзарту, шайпұлға салынатын салықты жою, Ақ үйдің жаппай депортациялау науқанына қаржы бөлу және «Алтын күмбез» (Golden Dome) деп аталатын зымыранға қарсы қорғаныс жүйесін салу секілді Трамптың сайлауалды уәделерін орындау жоспарланған. Енді Сенат осы шаралар пакетін түпкілікті дауысқа салуы тиіс.
Трамп пен Маск арасындағы текетірес
Илон Маск Трамптың «үлкен, әдемі заң жобасын» бірнеше рет сынға алып, оны «ақылға қонымсыз» және Республикалық партия үшін «саяси өз-өзіне қол жұмсау» деп атаған. Артынша Маск АҚШ президентінен кешірім сұрағанымен, оның соңғы жазбасына қарағанда, бұл заң жобасы жайлы пікірін өзгерткен жоқ.
«Бұл заң жобасына жұмсалатын ессіз шығындар мен мемлекеттік қарыз шегінің бес триллион долларға дейін ұлғаюы біздің бір партиялы - ШОШҚАЛАР ПАРТИЯСЫ бар елде өмір сүріп жатқанымызды көрсетеді! Енді халықты шын мәнінде ойлайтын жаңа саяси партия құратын уақыт келді», - деп жазды Маск X (бұрынғы Twitter) желісінде.
Сіздің реакцияңыз қандай?






