«Ағасына сүйенген Нұрбол Назарбаев 9 мың га жерді тартып алған» – Бапи

Депутат Ермұрат Бапи Ринат Зайыттың ізімен Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол Назарбаевты тексеруді талап етті, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Өткен аптада Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ринат Зайыт Нұрбол Назарбаевтың активтерін тексеруді талап етіп, депутаттық сауал жолдаған еді. Бапи да оның ізімен өз сөзімен айтқанда «Нұрбол Назарбаевтың қылмысты қиянаттарына қатысты» мәселе көтеріп, оның жазықсыз азаматтарға жасаған зорлықтарын сөз ететінін айтты.
«Нұрбол Назарбаевқа қарсы Мәжіліс тарапынан немесе депутаттар өзара ұйымдастырған ешқандай жоспарлы әрекет жоқ. Бұны тек атышулы әулет өкілдерінің елде 30 жылға жуық жасаған қиянатты қысастығы мен заңсыздықтарынан зардап шекен азаматтарға қатысты әділеттілікті орнатудың ғана әрекеті деп түсіну керек. Тиісті мемлекеттік органдарда осы депутаттық сауалдарда қозғалатын мәселелерге әділеттілікті қалыптастыруға деген ықыласты және табанды ұстаным болуы тиіс деп есептейміз. Егер мүдделі құқық қорғау органдары азаматтар атынан жолданған көз жасқа толы өтініштерді жылы жауып қоятын болса, бұны Президент Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанды» қалыптастыру бастамасына қарсы жасалған нақақ қастық деп түсіну керек!» — деді ол.
Бапидің айтуынша, Нұрбол Назарбаевтың бизнесті рейдерлік жолмен тартып алу әрекеттеріне қатысты бұған дейін де бірнеше өтініш келіп түскен. Олардың бірқатарын бұрын да депутат жазбаша түрде Бас прокурордың атына жолданған.
«Еске сала кетейін, әділет іздеген бір емес, екеу емес, бір мыңнан астам адамнан – Алматы облысы, Қарасай ауданы, бұрынғы Каменское мал асылдандыру зауыты жұмысшыларының атынан келіп түскен өтінішті мен үш рет депутаттық сауал ретінде жолдағаным осында отырған әріптестерімнің есінде болар. «Мықтының арты диірмен тартады» дегендей, ағасын арқаланған Нұрбол Назарбаев бүкіл бір кеңшар жұмысшыларының жекешелендіруге берілген 9 мың гектардан астам жер үлесін тартып алғаны жөніндегі менің депутаттық сауалым Бас прокурордың алдында да сөз болған еді. Бірақ одан әділетке лайық нәтиже болмады. Міне, сол «мықты» Нұрбол Назарбаев жасаған зорлықтан араша сұрап, рейдерлік жолмен тартып алынған бизнесін қайтарып беруді өтінген қарағандылық Қуат Ерментаев деген азаматтан тағы да өтініш түсті. Бұл жігіт сол рейдерлік шабуылдан кейін, барлық мүлкінен айырылып, тақырға отырып қалған», — дейді ол.
Ермұрат Бапи бір қызығы, өтініш берушінің талабы бойынша 2022 жылы Алматы қаласының прокуратурасы мен Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті оның мүлкін, атап айтқанда «PORUS» ЖШС-дегі үлесін рейдерлік басып алу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғағанын айтады
«Бірақ белгілі себептерге байланысты, мен ол кезде рейдерлік басып алу Нұрбол Назарбаевтың нұсқауы бойынша жасалды деп айта алмадым» дейді менің депутаттық қабылдауымда болған өтініш иесі. Бірақ арада екі жыл өткенде – 2024 жылы Алматы қаласының прокуратурасы қозғалған қылмыстық істі «қылмыс құрамының болмауына байланысты» деген желеумен тоқтатықан. Себебі айтпасада да түсінікті: прокуратура Назарбаевтардың дегенін орындаған. Бұл қылмысты мәселенің егжей-тегжейін тізбектеп, осы залда сөз ету артық болар, менің атыма келіп түскен өтініштің түпнұсқасын (көрсету) сіздің атыңызға жолдаймын, құрметті Бас прокурор мырза! Заңнаманың «жілік майын шағып ішетін» майталман маман – Бас прокурорға менің ақыл үйреткенім де орынсыз болар. Тек қана 2022 жылы Алматы қаласының прокуратурасы мен Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті қозғаған қылмысты істі қайтадан көтеріп, зар илеп, жапа шеккен өтініш иесінің аргументтерін құлаққа ілсеңіздер жеткілікті деп ойлаймын», — дейді Бапи.
Депутат қайтадан көтерілген сол істің заңды нәтижесі жөнінде өзін ғана емес, бұрынғы биліктің Нұрбол Назарбаев сияқты қиянатшыларынан зардап шеккен қоғамды да хабардар етсеңіз деп бас прокурордан сұрайды.
Сіздің реакцияңыз қандай?






