АҚШ Конгресі «Эпштейн деректерін» жариялауды міндеттейтін заң жобасын мақұлдады
Сейсенбі, 18 қараша күні АҚШ Конгресінің өкілдер палатасы мен сенаты АҚШ әділет министрлігін қаржыгер Джеффри Эпштейнге қатысты барлық құжаттарды жариялауға міндеттейтін заң жобасын мақұлдады, деп хабарлады Азаттық радиосы.
Президент Дональд Трамп құжатқа қол қоюға дайын екенін мәлімдеді. Эпштейн кәмелетке толмағандарға жыныстық қылмыстар жасады деген айыппен сотталып, жаңа сот процесі болады деп түрмеде қамауда жатқан кезде 2019 жылы көз жұмған. Билік ол өзіне қол салған деп хабарлаған еді.
Заң жобасы президент Трамп Конгрестегі республикашылдарды құжатты қолдауға шақырғаннан кейін қабылданды. Бұған дейін бірнеше ай бойы Трамп пен республикалық фракция жетекшілері "Эпштейн деректерін" жариялауға қарсы болып келген. Олар құжаттар жария болса, Эпштейн жәбір көрсеткен адамдардың мүддесіне нұқсан келтіруі мүмкін деген уәж айтқан.
Эпштейннің бір кезде саяси және қаржы элита арасында байланысы көп болғаны себепті АҚШ-та жұрт "Эпштейн деректеріне" ерекше назар аударған. Оның дос-жараны мен таныстары арасында бұрынғы президент Билл Клинтон, Нью-Йорктың бұрынғы мэрі Майкл Блумберг және басқалар бар. 1990 жылдары Эпштейнмен Дональд Трамп та аралас-құралас болған. Эпштейн архивінде өзі танитын тұлғалардың көбімен жазысқан хаттары сақталған.
Ақ үйге билікке келгеннен кейін президент Трамп федералдық тергеу барысында жинақталған "Эпштейн деректерін" жариялауға уәде берген еді. Алайда ол уәде орындалмай, президентті сынға алған бірқатар республикашыл заң шығарушылар аталған заң жобасына бастамашы болды.
"Бұл — қоғам талабы, қандай да бір партияның талабы емес", — деді заң жобасына соңғы болып шешуші қол қойған демократ Аделита Грихалва.
Сіздің реакцияңыз қандай?