Ақтөбеде шенеунік бұрынғы әйелін аяусыз ұрып-соғып келген
Әлеуметтік желіде қоғам белсендісі Нұркен Серік Ақтөбе облысында мемлекеттік қызметкердің бұрынғы әйелін аяусыз ұрып-соғып, жәбір көрсеткені туралы шұғыл мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Оның айтуынша, күдікті «Ақтөбе орман шаруашылығы» бөлімінің басшылығында қызмет етеді. Белсенді оның аты-жөнін құпия ұстап, бар шындықты жария етті.
Деректер бойынша, билік өкілі бұрынғы әйелін қатыгездікпен ұрып-соғып, қорлауын тоқтатпай келген. Әйелінің арыз жазбауы үшін өз кінәсін мойындап, ауруханада кешірім сұрап, кейін үйіне барған соң тағы да соққыға жығатын болған. Ауыр соққылардың салдарынан әйелдің тізесі сынып, денесінен түрлі жарақаттар алған.
Тек бұнымен ғана шектелмей, әйелін “өлтіремін” деп қорқытып, ешкімге айтпауы үшін жалаңаш фото-видеоларын жариялаймын деп қысым көрсеткен. Әйелінің атына несие алып төлемегені, ата-анасына есірткі салып сатамын деп бопсалағаны да белгілі болды.
Нұркен Серіктің айтуынша, зорлық-зомбылықтан кейін жәбірленуші 200-ге жуық арыз жазса да, құзырлы органдар бұл істі қарамаған көрінеді. Күдіктінің өзі де билігі мен байлығы барын ашық айтып, бұл әрекетінен нәтиже шықпайтынын ескерткен.
“Бұл жағдай биліктің адамына заң жоқ екенін дәлелдеп отыр. Сондықтан осы іс бойынша соңына дейін күресіп, бұл адамның заңды түрде қылмыстық жазасын алуын талап етемін. Бұл кісінің туған інісі де мемлекеттік қызметтегі депутат. Сонда бізде заң тек қара халыққа ғана жүре ме? Мемлекеттік қызметкерлерге заң жоқ па?!", – деп Нұркен Серік ашынып, әйел құқығының қорғалуын талап етті.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
1
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0