Алакөлде әйелді қайық қағып өлтірді: министрлік түсініктеме берді

Абай облысының Алакөл көлінде 63 жастағы әйелді қайық қағып, мерт қылды. Оқиғаға байланысты ҚР Туризм және спорт министрлігі ресми мәлімдеме жасап, марқұмның туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтты, деп хабарлайды Sadaq.kz.
«Біз отбасы мүшелерінің қайғысына ортақтаса отырып, бұл қайғылы жағдайдың барлық мән-жайын жан-жақты және әділ тергеуге, сондай-ақ кінәлілерді Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартуға сенім артамыз», – делінген министрлік мәлімдемесінде.
Сонымен қатар ведомство мұндай оқиғалардың алдын алу үшін барлық уәкілетті органдардың әрекеті маңызды екенін атап өтті. Алайда су көлігі қызметін реттеу – яғни лицензиялау, техникалық тексеріс, шағын көлемдегі кемелерді тіркеу – Туризм және спорт министрлігінің құзыретіне кірмейді.
Сондықтан министрлік Көлік және Ішкі істер министрліктеріне, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдарға ресми хат жолдап, су айдындарындағы қауіпсіздік шараларын күшейтуді, бақылауды арттыруды және демалушыларға қажетті ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуді ұсынды.
Министрлік алдағы уақытта туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған ведомствоаралық іс-қимылды жетілдіру жұмыстарын жалғастыратынын хабарлады.
Сіздің реакцияңыз қандай?






