Әлемде Путинмен кездесуге дайындық: Трамп, Зеленский мен Еуропа елдерінің көшбасшылары қандай келісімге келді

АҚШ президенті Дональд Трамп пен бірқатар Еуропа елінің көшбасшылары Ақ үйде Украинадағы соғысты тоқтату туралы келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
DW порталының хабарлауынша, келіссөздер қорытындысына сәйкес, Зеленский Ресей президенті Владимир Путинмен екіжақты форматта кездесуге, одан кейін АҚШ президенті Дональд Трамптың қатысуымен үшжақты келіссөздер өткізуге дайын екенін мәлімдеді.
Сондай-ақ Зеленскийдің айтуынша, бұл көшбасшылар деңгейіндегі екі жақты кездесу бола ма, ол жағы белгісіз. Кремль бұған дейін бұл мәселені ашық қалдырып, тек келіссөздердің "деңгейін көтеруге" ниетті екендерін ғана мәлімдеді. Украина тарабы бітімге келу бойынша келіссөздерді өткізудің шарты ретінде атысты тоқтатуды талап етпейтінін мәлімдеді.
"Егер Украина кездесу өткізу үшін атысты тоқтату сынды қандай да бір жаһандық, десе де әділетті талаптар қоя бастаса, Ресей бұған қатысты жүздеген шарт қоя бастайды. Сондықтан біз ешбір шартсыз кездесіп, соғысты тоқтату жолында қандай мүмкіндіктер барын саралауымыз керек деп ойлаймын", - деді Украина президенті.
Украинаның қауіпсіздік кепілдігінің егжей-тегжейлері он күн ішінде пысықталады. Сонымен қатар Киев өз шеңберінде экономикасын қолдауға және АҚШ-тан қару-жарақ сатып алуға жұмсалатын қаржылай көмек алғысы келеді, деді Украина басшысы. Зеленский АҚШ соғыстан кейін Украинаға қауіпсіздік кепілдігін беруге ат салысу тұрғысынан дайын екендігі туралы Трамптың мәлімдемесін "алға жасалған үлкен қадам" деп атады.
Сонымен бірге Зеленский территориялар мәселесін талқылаудан бас тартып, бұл тақырыпты тек Путинмен жеке талқылайтынын айтты.
Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен "Ресей ұрлап әкеткен балаларды" Украинаға қайтару қажеттігін айтса, НАТО басшысы Марк Рютте Киев үшін АҚШ-тың қауіпсіздік кепілдігінің маңыздылығын атап өтті.
Жалпы брифингте Германия канцлері Фридрих Мерц те сөз сөйледі. Оның айтуынша, Путин мен Зеленский арасындағы келіссөз екі апта ішінде өтуі керек.
Ал Франция президенті Эмманюэль Макрон келіссөздер сәтсіз аяқталса, Ресейге қарсы санкцияларды күшейту керектігін айтты. Оның сөздерін РБК-Украина жария етті.
"Егер процесс қабылданбаса, біз де санкцияларды күшейту керек екендігімен келісіп, кез келген жағдайда ресейлік тарапқа қысымды күшейтетін позицияны ұстануға мәжбүр боламыз", - деді Макрон журналистерге.
Euronews банкет залында еуропалық қонақтарды қабылдау кезінде Трамптың жақсы көңіл-күйде болғанын және көп мақтау сөз айтқанын атап өтті.
"Ол Стармерді "досым" деп атап, Макронды "алғашқы күннен ұнататынын" айтты. Ол Мерцті "алып күш иесі" деп атап: "ол секілді күннің көзіне күйгісі келетінін" қосты. Ол Стуббтың келбетін мақтап: "сені бұрын-соңды көрмегенімнен әлдеқайда жақсы күйдесің" деген", - деп жазды басылым.
Еуропалықтармен кездесуде Трамп Ресей Федерациясының "бұдан әрі агрессия көрсету" қаупі барына сенбейтінін айтты, Путин мен Зеленский қақтығысты шешу үшін ортақ тіл таба алатынына және олардың қатысуымен үшжақты кездесу өтетініне сенім білдірді — "мәселе тек оның қашан өтетінінде".
Сіздің реакцияңыз қандай?






