Алматыда белгісіз біреулер мүгедек ер адамды күштеп жындыханаға жатқызбақ болды (ВИДЕО)

Бұл мүгедек кісінің жеке компанияны сотта жеңіп шығуымен байланысты болуы мүмкін

Қыркүйек 25, 2025 - 11:31
Алматыда белгісіз біреулер мүгедек ер адамды күштеп жындыханаға жатқызбақ болды (ВИДЕО)
Фото: Видеодан скрин

Алматыда II топтағы мүгедек ер адамды күштеп психиатриялық ауруханаға жатқызбақ болғандар анықталды. «Астана» телеарнасының мәліметінше, өзін тергеушіміз деп таныстырған, бірақ ешқандай құжат көрсетпеген адамдар күш қолданбақ болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Куәгерлердің айтуынша, азаматтық киімдегі бірнеше ер адам үйге баса-көктеп кіріп, арбаға таңулы Данияр Қойбағаровты күштеп алып кетпек болған. Оның сенімді өкілі Мария Басарабтың сөзінше, оларда сот шешімі де, ресми құжаттар да болмаған.

«Соттың ешқандай шешімінсіз белгісіз адамдар үйге басып кіріп, оны еркінен тыс алып кетпек болды. Мұның бәрі «АККОН» ЖШС-ге қарсы жеңіп шыққан сот ісімен байланысты деп ойлаймын. Компания оған төлеуге тиіс ірі сомадан жалтару үшін оны ақыл-есі дұрыс емес деп дәлелдеуге тырысып отыр», – деді Басараб.

Оқиға орнына полиция қызметкерлері шақырылған. Алайда өзін тергеушіміз деген адамдар құжаттарын көрсетуден бас тартқан.

Зардап шеккен азаматтың адвокаты Алма Мусинаның айтуынша, мәжбүрлі сараптама жүргізуге заңды негіз жоқ:

«Жоқ, ешқандай құжат көрсеткен жоқ. Мен бұл әрекеттерді заңсыз деп есептеймін», – деді ол.

Туыстары да ешқандай ескерту алмағандарын айтты.

«Бізге ешқандай хабарлама келген жоқ. Барлығы күтпеген жерден болды», – деді зардап шегушінің келіні Әсия.

Ақыры оқиғаға қатысы бар барлық адам аудандық ішкі істер басқармасына жеткізілді. Данияр Қойбағаровтың туыстары әділдікке қол жеткізіп, бұл жағдайға қоғам назарын аударуға ниетті екендерін мәлімдеді.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow