«Анама қысым көрсетті»: Актриса Айнұр Ілиясова дәрігерлердің ақша талап еткенін айтты

Актриса Айнұр Ілиясова Алматыдағы Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында болған келеңсіз жағдайды жариялап, дабыл қақты, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.
«Бүгін мен Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысына ашық үндеу жасауға мәжбүрмін. Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығында орын алған жағдайды кәсіби этиканың өрескел бұзылуы әрі заңға қайшы әрекет деп есептеймін. 18 тамызда анам аталған клиникаға жатқызылып, 20 тамызда оған ота жасалды. Госпитализация кезінде ол тек шұғыл байланыс үшін менің телефон нөмірімді көрсеткен болатын. Алайда анестезиолог бұл нөмірді өз мақсатында пайдаланып, маған хабарласып ақша талап етті. Мен директордың атына шағым түсіргеннен кейін, сол қызметкер қайтадан анамның қасына келіп, отадан кейін төсекте жатқан анама қысым көрсетіп, «қызыңды тыныштандыр» деп айтқан», – деді Ілиясова.
Актриса бұл әрекетті заңсыз деп атап, орталықта қызметтік тексеру жүргізуді талап етті.
«Бұл жағдай «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексті, науқастың медицина қызметкерлерінен құрмет пен ізгілік көру құқығын және медицина қызметкерлерінің ар-намыс кодексін бұзады», – деп жазды ол.
Сіздің реакцияңыз қандай?






