«Анамды ешкім тастаған жоқ»: Ақан Сатаевтың қызы әкесінің сөзін сөйледі
Режиссер Ақан Сатаевтың қызы Айиша Сатай әлеуметтік желідегі жазбасында жеке отбасына қатысты тараған қауесет пен орынсыз пікірлерге жауап қатты. Ол адамдардың сөзді контекстен жұлып алып, асығыс қорытынды жасауына көңілі қалғанын жеткізді, деп хабарлайды sadaq.kz сайты.
«Мен адамдардың тез шешім шығарып, сөзді контекстен жұлып алып, өз ойынан қосып, түрлі қиялға берілетініне қатты қапаланамын. Әсіресе өз өмірі қызықсыз көрінетін жандардың бөтен отбасының ішкі жағдайын талқылауға уақыты бары таңғалдырады», – деп жазды ол.
Айишаның айтуынша, ол бала кезінен арандатуға жауап бермеуге дағдыланған. Алайда ата-анасының ар-намысына тіл тигізілгенде үнсіз қалу мүмкін емес екенін атап өтті.
«Мен ешқашан дәлелдеумен айналысқан емеспін. Бірақ әкем мен анамның абыройына нұқсан келтірілгенін тыныш бақылап отыра алмаймын», – дейді ол.
Жазбада Айиша анасына қатысты айтылып жүрген әңгімелерге де нақты жауап берді.
«Анамды ешкім “тастап кеткен” жоқ. Оған өзі таңдаған төрт бөлмелі пәтер сыйға тартылды. Ол – ересек, дербес адам және қай жерде өмір сүруді өзі шешеді. Ешбір ересек адамды күштеп ұстап тұру мүмкін емес», – деп жазды ол.
Сондай-ақ ата-анасының ажырасуына қарамастан, анасына деген махаббат пен күнделікті қарым-қатынас үзілмегенін айтты.
«Біздің арамыздағы байланыс ажырасудан да, қашықтықтан да үзілген жоқ», – деді Айиша.
Әкесі мен анасының арасындағы өзара құрметке де тоқталған ол әкесінің бір сөзін ерекше атап өтті.
«Әкем маған: “Ешқашан өз анаң туралы жаман сөз айтпа. Ол – сенің анаң, қандай жағдай болса да”, – деген еді. Бұл сөз менің жадымда мәңгі қалды», – деп жазды ол.
Айиша Сатай ересек адамдардың жеке қарым-қатынасына бөгде адамдардың араласуы орынсыз екенін айтты.
«Ата-аналар өз өмірін өзі сүреді. Балаларға тек қабылдап, жақсы көру ғана қалады», – деді ол.
Сонымен қатар желідегі «құтқарушы синдромымен» өмір сүретіндерге үндеу жасады.
«Бөтен отбасын емес, өз жақындарыңызды “құтқарыңыздар”. Оларға махаббат пен уақыт бөліңіздер», – деп жазды Айиша.
Жазбасының соңында ол дін мен адамның дүниетанымын талқылаудың әдепке жат екенін де атап өтті.
«Дін – адамның жеке таңдауы. Оны талқылау да, айыптау да дұрыс емес. Алдымен мейірімді, әділетті болыңыздар», – деп түйіндеді ол.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0