Арабша жазуы бар ту ұстап суретке түскендерге сот үкімі шықты

Атыраудағы мұз айдыны ғимаратында арабша жазу жазылған Қазақстан туымен суретке түсіп, оны әлеуметтік желі арқылы таратқан 3 тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылы, деп хабарлады Атырау соттары.
Іс Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында қаралды.
"Сот 2025 жылғы 23 наурызда Н., А. және кәмелетке толмаған Х. Атырау қаласындағы мұз айдыны ғимаратында ұсақ бұзақылық жасағанын анықтады", - деп жазылған хабарламада.
Құқық бұзушылардың кінәсі әкімшілік құқық бұзуышылық туралы хаттамамен, фотосуретпен, баянатпен және басқа да іс материалдарымен толық дәлелденді.
ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігінің санкциясында 20 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салу не 5-тен 15 тәулiкке дейiнгi мерзiмге әкiмшiлiк қамаққа алу түріндегі әкімшілік жауаптылық көзделген.
Сот қаулысымен құқық бұзушылар ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Н.-ға жауаптылығын ауырлататын мән-жайды ескере отырып (кәмелетке толмаған адамды әкiмшiлiк құқық бұзушылыққа тарту; адамдар тобының әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасауы), 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу түріндегі әкімшілік жаза қолданылды.
А.-ға әкімшілік жаза ретінде 78 640 теңге әкімшілік айыппұл салынды. Кәмелетке толмаған Х.-ның заңды өкіліне әкімшілік жаза ретінде 39 320 теңге әкімшілік айыппұл салынды. Сот қаулылары заңды күшіне енген жоқ.
Сіздің реакцияңыз қандай?






