«Арнайы тапсырыс берген»: Әйелін құттықтап сынға қалған Дәулет Мұқаев мәлімдеме жасады
Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев әйелін туған күнінде ҚР Парламенті Мәжілісінің ресми хатымен құттықтаймын деп елдің сынына қалған еді. Ол бұл әрекетіне қатысты түсініктеме беріп, сынағандарға жауап берді, деп хабарлайды Sadaq.kz.
«Соңғы екі-үш күн «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» секілді «Даудың басы– Дәулеттің көк папкасы» болып кетті. Біріншіден, бұл ешқандай ресми құттықтау емес. Әлеуметтік желілерден “Парламент атынан” деген тақырыптарды көріп қалдым. Алайда бұл менің жеке құттықтауым еді», — деп түсіндірді ол.
Оның сөзінше, қазіргі қоғамда әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық мәселесі өзекті болғандықтан, ер азаматтар олардың қадірін тірі кезінде бағалай білуі керек. Ал кейбіреулер депутаттың қадамын орынсыз деп бағалағанымен, Мұқаев мұнда ешқандай ерсілік көрмейтінін жеткізді.
«Басты мақсат – барымызды бағалай білу, қадірлеу, тірісінде құрметтеу. Қазір әйелдерге түрлі зорлық-зомбылықтар жасалып жатыр. Ер азаматтар әйелдерді құрметтесе, сол құрметін көрсетіп жүрсе деген ниеттен туды», – дейді ол.
Мұқаевтың айтуынша, видеодағы папка өзіне тиесілі болған және жұмыс құжаттарына арналған. Оған қоса ол бұл әрекетінің қоғам арасында теріс пікір тудыруына әлдекімдердің арнайы тапсырыс беруі мүмкін екенін айтты.
«Бұл жерде әріптестеріміздің бәрінде ақ және көк папкалар бар. Қолымдағы көк папка өз құжаттарыма арналған еді. Дизайнын өзім жасап, мәтінін жазып, басып шығартып, баспасына 5 мың теңге төледім. Тек жұбайымды құттықтадым, болды», — деп түсіндірді депутат.
Естеріңізге сала кетейік, депутат бейнежазбада әйелінің гештальтін жапқысы келгенін, «Парламент тарамай тұрғанда қолда бар мүмкіндікті пайдаланып қалдым» деген еді.
Оның бұл әрекеті көпшілікке жақпай, қоғам тарапынан түрлі сыни пікірлер айтылды.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0