Астанада күрес түрлерінен Әлем чемпионаты өтеді
Астанада күрес түрлерінен өтетін Әлем чемпионатына жүзден астам елден мыңға жуық спортшы келеді, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Биыл 24 қазан мен 1 қараша аралығында Астанада маңызды халықаралық спорттық оқиға – күрес түрлерінен Әлем чемпионаты болады. Жарысқа жүзден астам елден мыңға жуық спортшы қатысады деп күтілуде. Бұл туралы ОКҚ алаңында ҚР туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев хабарлады. Оның айтуынша, Әлем чемпионаты «Барыс Аренада» өтеді.
«Балуандар 30 салмақ дәрежесі бойынша бақ сынайды. Оның ішінде, грек-рим күресі, еркін күрес және әйелдер күресі бойынша 10 салмақ дәрежесінде жүлделер сарапқа салынады», – деді спикер баспасөз конференциясында.
Қазіргі таңда чемпионатқа дайындық жұмыстары ҚР Туризм және спорт министрлігі, Астана қаласының әкімдігі, UWW және бірқатар салалық мекемелермен бірлесіп, негізгі бағыттардың барлығы бойынша жүргізілуде. Бұл туралы Қазақстан күрес федерациясының төрағасы Еркін Оқасов хабарлады. Оның айтуынша, әлем чемпионаты тек тоғыз күнге созылатын спорттық жарыс емес, еліміздегі күресті одан әрі дамытуға мүмкіндік беретін маңызды дода.
«Біз бұл чемпионатты Қазақстандағы күресті одан әрі дамытуға, оны кеңінен насихаттауға, балалар мен жастарды спорт секцияларына тартуға, жаттықтырушылар мен мамандардың кәсіби деңгейін арттыруға, сондай-ақ халықаралық байланыстарды нығайтуға ықпал ететін маңызды шара ретінде қабылдаймыз», – деді Еркін Оқасов.
Федерация төрағасы чемпионатты жоғары халықаралық деңгейде өткізу және оны бүкіл ел сезінетін ауқымды спорттық оқиғаға айналдыру ортақ міндет екенін атап өтті.
Сондай-ақ, Астанада өтетін күрес түрлерінен әлем чемпионатының логотипі, маскоты мен медалі таныстырылды. Қазақстандық күрес федерациясы бас хатшысының м.а. Гүлбарам Құлахметованың айтуынша, оның визуалды шешімінде күреске тән қозғалыс пен динамика, тұтастық және ұлттық өрнек элементтері бір композицияда біріктірілген.
«Логотиптің ортасындағы қозғалыс күрестің қарқыны мен бәсекелестік энергиясын сезіндіреді. Ұлттық өрнектер Чемпионаттың Қазақстанда өтетінін айқындап, заманауи спорттық дизайнды ұлттық мәдениетпен байланыстырады. Көк түстер Қазақстанның визуалды болмысымен үндеседі, ал «ASTANA'26» атауы Чемпионаттың өтетін қаласын халықаралық аудиторияға нақты әрі есте қаларлық түрде танытады», – деді Гүлбарам Құлахметова.
Әлем чемпионатының тағы бір ерекше символы – ресми маскот Muzbalaq.
«Қыран қазақ дүниетанымында еркіндіктің, биіктіктің, күштің, қырағылық пен батылдықтың белгісі. Бұл қасиеттер күрестің табиғатына да жақын – жігер, табандылық және жеңіске ұмтылыс. Muzbalaq, әсіресе, балалар мен жас жанкүйерлер үшін чемпионаттың басты кейіпкерлерінің біріне айналады», – деді Г.Құлахметова.
Гүлбарам Құлахметованың айтуынша, елордадағы әлем чемпионатына билет сатылымы бүгін ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясынан кейін ресми түрде басталады. Алғашқы кезеңде билеттер «Яндекс» ресурстары арқылы қолжетімді болады, кейін сату арналары қосымша платформалар арқылы кеңейтіледі.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0