Ақорда ҰҚК басшысының неліктен ауысқанын хабарлады

Президенттің пікірінше, күштік құрылым қызметкерлері қателіктер жіберген.

Қараша 16, 2026 - 16:19
 0  1
Ақорда ҰҚК басшысының неліктен ауысқанын хабарлады
Фото: Ақорда

ҰҚК төрағасы Ермек Сағымбаевтың отставкасы тек кадрлық ротациямен ғана байланысты емес. Шешім қабылдау кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Самұрық-Қазына» және «Қазақстан темір жолы» басшыларына қатысты сыбайлас жемқорлық ісі фигуранттарының ұсталғанын ескерді. Сонымен қатар Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке қызметтік жаза қолданылды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Айбек Смадияров айтты.

«Президент аталған арнайы қызметті реформалау міндетін табысты орындау мақсатында басшылық кадрлардың орнын ауыстыру қажеттігін ескере отырып, осындай шешімге келді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ермек Сағымбаевты қызметтен босату туралы шешім қабылдағанда жемқорлық оқиғасына қатысы бар лауазымды тұлғаларды ұстау жағдайын да ескерді. Президенттің пікірінше, күштік құрылым қызметкерлері қателіктер жіберген. Осыған байланысты Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке қызметтік ескерту жарияланды», - деп жазды Президенттің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы. 

Оның айтуынша, компания басшыларының ісіндегі коррупциялық сипат еш күмән тудырмайды.

«Жалпы, «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» компаниясы басшыларының ісіндегі коррупциялық сипат еш күмән тудырмайды. Оны тергеу шаралары кезіндегі фигуранттардың әрекеттері растады. Президент жүргізіліп жатқан тергеу амалдарынан әуел бастан хабардар болды. Мемлекет басшысының жемқорлыққа қарсы күреске қатысты берік ұстанымы өзгермейді. Сондай-ақ бүгін Мемлекет басшысы Ішкі істер министрлігінің басшылық құрамымен жиын өткізді. Президент қызметтік тәртіпті нығайтуды, «Заң мен Тәртіп» қағидатына сай қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты міндеттерді атқару барысында полицияның кәсіби даярлық деңгейін көтеруді тапсырды. Министр Ержан Сәденовке полицияның қатардағы қызметкерлері мен офицерлік құрамы арасында тәрбие жұмыстарын күшейту керек екені айтылды», - деп жазды Айбек Смадияров.

Автор
Жарияланды:
Барлық материалдары

Сіздің реакцияңыз қандай?

👍 Ұнады 0
👎 Ұнамады 0
😍 Керемет 0
😂 Күлкілі 0
😡 Сұмдық 0
😢 Қайғылы 0
😮 Жарайсың 0